17 там, 2020 сағат 12:53

Бағдат Қожахметов коронавирусқа қатысты соңғы 2 апта деректерін салыстырмалы түрде ұсынды

Соңғы аптада елімізде коронавирус індетін жұқтыру деректері азайып келе жатыр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Соңғы 2 аптадағы жағдайды салыстырмалы түрде жеткізсем, тамыздың 3-9-ы аралығында коронавирусты 7 108 адам жұқтырған. 222 адам қайтыс болды. ПТР-тест теріс нәтиже көрсеткен 7 940 жағдай тіркелген. 122 адам көз жұмды», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында. 

Ресми өкілдің айтуынша, тамыздың 10-16-сы аралығында жағдай біршама өзгерді.

«Яғни, соңғы аптада COVID-19 вирусын 3 995 адам жұқтырды. 151 адам қайтыс болды. ПТР-тест теріс нәтиже көрсеткен 5 344 жағдай тіркелді. 64 адам қайтыс болды. Осы аталған кестеге қарап, елімізде індет жұқтыру жағдайы азайып келе жатқанын байқауға болады», - деді Бағдат Қожахметов.

Ал енді коронавирусқа ұқсас, бірақ ПТР-тест теріс нәтиже көрсеткен жағдайлар бойынша жалпы мәлімет мынадай. Қазіргі сәтте 18 606 науқас тіркелді. 218 адам қайтыс болды. Соңғы бір тәулікте 141 адамның ауырғаны анықталды.