10 нау, 2021 сағат 09:44

Бағалы металдар мен асыл тастардың еркін айналымы қамтамасыз етіледі - Атамқұлов

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бағалы металдармен және асыл тастармен операцияларды жүзеге асыру ерекшеліктері туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Келісімге Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы елдер арасында 2019 жылғы 22 қарашада Мәскеу қаласында қол қойылды.

«Келісімнің мақсаты – аталған салада мүше мемлекеттердің бәсекелестік артықшылығын жасау және тиімді шаралар әзірлеуге бағытталған сауда-экономикалық тетіктер қалыптастыру. Сондай-ақ, Одақтың кедендік аумағында бағалы металдар мен асыл тастардың еркін айналымын қамтамасыз ету үшін жағдай жасау. Құжат бағалы металдар, асыл тастар және олардан жасалған бұйымдардың ішкі нарығына қатысты құқықтық негіздер мен талаптарды айқындайтын 18 баптан тұрады», - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.

Келісім ережелері аясында мәмілелер жасау және асыл тастардың жіктеу әрі құндық сипаттамаларын анықтау, зергерлік және басқа да бұйымдарды (ЕАЭО ішінде әкелінген немесе өндірілген) сынамалау, талдау әрі таңбалау, бағалы металдар мен асыл тастардың заңсыз айналымы үшін шаралар қолдану ескерілген. 

«Келісім ЕАЭО-ның зергерлік бұйымдарының ішкі нарығындағы саудада мүше мемлекеттердің сынамалық таңбаларын өзара танудың болмауына байланысты туындайтын шектеулерді жояды. Яғни, егер зергерлік бұйым Қазақстанда жасалса және сыналса, ол бұйымды ЕАЭО-ға қатысушы елдерде өткізу барысында қайта сынамалау қажеті болмайды. Сынамалық таңбаларды өзара тану бастапқы шолу сапарларынан кейін (құрамына ЕАЭО-ның барлық елдерінің өкілдері кіреді) қамтамасыз етіледі. Мүше мемлекеттердің Келісім ережелерін қаншалықты орындап жатқанын анықтау үшін ондай сапарлар бес жылда бір рет өткізіліп тұрады. Сондай-ақ, құжат өңделмеген табиғи алмастарды Одаққа мүше бір мемлекет аумағынан екіншісіне тасымалдауды қарастырады. Ол өңделмеген табиғи алмастарды сертификаттаудың халықаралық кестесі – Кимберлий процесі талаптарына сәйкес іске асырылады», – деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, Кимберли процесіне қатысушы әрбір ел алмастың бірде-бір партиясы оған қатыспайтын тарапқа импортталмайтынына немесе экспортталмайтынына кепілдік береді. Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы барлық ел - Кимберлий процесінің мүшесі.

Сонымен қатар Келісім аясында тиісті ақпаратты алмасу қарастырылған. 

«Бұл нормалар толық есеп жүргізуге және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Келісім елде өндірілетін алтынды сатып алуда қатысушы мемлекеттердің басым құқығын мойындайды», - деді Атамқұлов.