Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов төтенше жағдай режимі кезінде азық-түлік жиынтығы кімдерге берілетіндігін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бюджет қаражаты есебінен азық-түлік себеті бастапқыда 460 мың адамға берілген еді. Дегенмен, 31 наурызда Президент оны кеңейтуді тапсырды және республикалық бюджетті соңғы нақтылау барысында қосымша қаражат қарастырылды. Қазіргі уақытта барлық өңірде азық-түлік жиынтығы немесе азық-түлік жиынтығына арналған қаражат беріліп жатыр», - деді ол.
Министрдің дерегінше, азық-түлік жиынтығы 1,243 млн адамға қарастырылған.
«Олар мына санаттар: Көп балалы отбасыларды, барлық топтағы және бастағы мүгедектерді қоса алғанда атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтылған азаматтары мүгедек баланың күтімімен отырған ата-аналар, сонымен қатар жұмыспен қамту органдарында жұмыссыз ретінде ресми тіркелген тұлғалар», - деді Біржан Нұрымбетов.
Мұнан бөлек, оның айтуынша, түрлі қорлар мен еріктілер де халықтың аз қамтылған топтарын азық-түлікпен қамтуға көмектесіп жатыр.
«Біз біргеміз» қоры, еліміздің патриоттары бар. Олар да азық-түлік жиынтығымен қамтамасыз етіп жатыр. Бізден әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтардың тізімін алып, оларға көмек көрсетіп жатқан ұйымдар да өте көп», - деді министр.