09 шіл, 2025 сағат 09:47

Азия чемпионатында Қазақстан ауыр атлеттері 18 алтын жеңіп алды

Фото: ҚР Ауыр атлетика федерациясы

Астанада өтіп жатқан жастар мен жасөспірімдер арасындағы ауыр атлетикадан Азия чемпионатында қазақстандық жас спортшылар ел қоржынына мол олжа салуда. Бүгінгі күнге дейін ұлттық құраманың еншісінде 18 алтын, 6 күміс және 12 қола медаль бар, деп хабарлайды Ult.kz.

88 келіге дейінгі салмақта сынға түскен 19 жастағы Ерасыл Саулебеков үш алтын жүлдені жеңіп алды. Ол жұлқа көтеруде — 153 келі, серпеде — 191 келі көтеріп, қос сайыс нәтижесінде 344 келіге қол жеткізді.

Ал 71 келі салмақта өнер көрсеткен, 17 жасқа дейінгі санаттағы Әлихан Әскербай де қарсыластарынан оқ бойы озып, үш алтын медаль еншіледі — жұлқа көтеруде 141 келі, серпеде 169 келі.

Едіге Емберді Азия чемпионатының жаңа рекордын орнатып, жұлқа көтеруде — 153 келі, серпеде — 194 келі көтеріп, үш алтын медаль иеленді.

15 жастағы Ксения Прозорова да жоғары нәтижесімен көзге түсіп, Азия рекордына тең көрсеткішке жетіп, Қытай мен Өзбекстан спортшыларын артта қалдырды.

Бұған дейін 69 келіге дейінгі салмақта Кира Данилова абсолютті чемпион атанған болатын.

Қазақстан құрамасы жарыстың алғашқы күндерінен-ақ өз үстемдігін байқатып, құрлық біріншілігінде үздік нәтиже көрсетуде. Чемпионат әлі жалғасуда.