05 қаз, 2023 сағат 13:26

Азиада: Велошабандоз Евгений Федоров алтын алды

Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі

Қазақстандық велошабандоздар Ханчжоудағы Азия ойындарында ел қоржынына бірден екі медаль салды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Тас жолдағы веложарыстың 210 шақырымға созылған топтық сайысында ұлттық құрама спортшылары Евгений Федоров - алтын, Алексей Луценко күміс медаль жеңіп алды. 

Екеуі мәреге бірге келіп, 31 жастағы Луценко 23 жастағы Федоровтың мәрені бірінші болып кесуіне мүмкіндік берді.

Олардан бөлек ел құрамасы сапында Дмитрий Груздев және Глеб Брусенский сынға түсті.

Айта кетейік, Алексей Луценко екі күн бұрын шосседегі веложарыста үздік шыққан еді. Сондай-ақ ол 2014 жылғы Азия ойындарында бір, 2018 жылғы Азия ойындарында екі алтын иеленген.

Қазір Қазақстан 6 алтын, 12 күміс, 35 қола медальмен 12-орында тұр. Хуанжоуда өтіп жатқан Азиадада Қазақстан стенд атудан екі, велоспорттан екі, нысана көздеуден бір, каноэ және байдарка есуден бір алтын медаль алды.

Азия ойындары 8 қазанда аяқталады.