Индонезияда өтіп жатқан ХVIII Жазғы Азия ойындарында грек-рим күресінен ел намысын қорғап жатқан балуандар арасынан Нұрмахан Тінәлиев финалға шықты.
ҚР ҰОК хабарлағандай, бүгін Азия ойындарындағы балуандар бәсекесі мәресіне жетеді.
130 келі салмақтағы Нұрмахан Тінәлиев алғашқы іріктеу сындарынан сүрінбей өтіп, финалға шықты. Ол ширек финалда - Индонезия, жартылай финалда Жапония спортшысынан басым түсті.
Өкінішке орай, 97 келі салмақта сынға түскен Ерұлан Ысқақов Оңтүстік Корея өкіліне есе жіберсе, 77 келі салмақта белдескен тағы бір балуанымыз Асхат Ділмұхамедов 1/8 финалда филиппиндік балуанды 8:0 есебімен жеңгенімен екінші айналымда ұтылып қалды. Ділмұхамедов ширек финалда жапондық Ябику Шохеймен белдескен болатын. Кездесу 3:3 есебімен тең аяқталды. Бірақ қосымша көрсеткіштерге байланысты жеңіс жапон балуанына берілді. Ал 87 келі салмақта Азамат Құстыбаев танымал өзбекстандық балуан Рустам Ассакаловка есе жіберді. Есеп - 1:2.