24 там, 2018 сағат 15:07

Азиада-2018: Қазақстандық джиу-джитсу шеберлері қоржынға тағы екі «қола» салды

Қазақстандық джиу-джитсу шеберлері Нұржан Сейдуәлі мен Нартай Қажеков Азиада ойындарының қола жүлдегерлері атанды. Нұржан мен Нартайдың жүлдесімен Қазақстан құрамасының қола медальдар саны 21-ге жеті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

56 келіге дейінгі салмақта отандасымыз Өзбекстаннан келген қарсыласы Ақмал Әміровты тізе бүктірді. Нұржан Сейдуәлі одан бұрын филиппиндік және индонезиялық және түрікменстандық қарсыластарынан басым түскен болатын. Ал 69 келіге дейінгі салмақта Нартай Қажеков үшінші орын үшін белдесуде түрікменстандық Жәләлмұхамет Ходжамурадовтан басым түсті.

Еске сала кетсек, бүгін велоспорттан жекелей сында қазақстандық Алексей Луценко жеңімпаз атанып, үшінші алтынды ел қоржынына салған болатын. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы Азия ойындарындағы жалпы есепте Моңғолияны артқа сырғытып, 12-ші орыннан 11-шы орынға көтерілді.

Дәл қазіргі есеп бойынша Қазақстан еншісінде 3 алтын, 7 күміс, 21 қола медаль бар.