24 там, 2018 сағат 15:12

Азиада-2018: Қазақстан қоржынына 3-ші алтын медаль түсті

Қазақстандық велоспортшы Алексей Луценко Джакартада өтіп жатқан Азия ойындарында екінші алтынын алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Топтасып жарысудан мәреге бірінші келген Луценко жекелей сында да өз мықтылығын дәлелдеді. Ол 40 шақырымды 55.37.13 уақыт көрсеткішінде жүріп өтті. Күміс жүлде иеленген өзбекстандық Мураджон Халмуратов біздің спортшыдан 1.33.39 секундқа, ал қола жүлдегер атанған жапониялық Фумиюки Беппу 1.42.07 секундқа қалып қойды. Қазақстан велоспортшысы 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында бір рет чемпион болған.

Қазақстан Азия ойындарында 3 алтын, 7 күміс, 19 қола медаль иеленіп, жалпы есепте 11-орында келеді. Қазақстанның алдында Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Иран, Индонезия, Солтүстік Корея, Таиланд, Үндістан, Тайпей, Өзбекстан тұр.

Азия ойындарына 440 қазақстандық спортшы қатысып жатыр. Азия ойындары қыркүйектің 2-cі күні аяқталады.