29 там, 2018 сағат 09:37

Азиада-2018: Елдос Сметов пен Галбадрах Отгонцэцэг жарысты жеңіспен бастады

Джакартада өтіп жатқан Азия ойындарында қазақстандық дзюдошы, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов пен Олимпиаданың қола жүлдегері Галбадрах Отгонцэцэг жарысты жеңіспен бастады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін Джакартадағы Азия ойындарында татами шеберлерінің додасы басталды.

60 келіде ел намысын қорғайтын Елдос Сметов алғашқы айналымда Индонезия балуанын жеңді. Ширек финалда Сметов Солтүстік Корея өкілі Ан Джи Юнгпен белдеседі.

Ал әйелдер арасынан 48 келіде бақ сынап жатқан балуан қыз Галбадрах Отгонцэцэг ширек финалда Солтүстік Корея спортшысын "ваззари" әдісімен жеңді. Жартылай финалда біздің дзюдошы жапониялық балуанға қарсы шығады.

66 келідегі Елдос Жұмақанов та турнирді сәтті бастады. Ол алғашқы айналымда филиппиндік спортшыны жеңді. Ширек финалда Жұмақановты моңғолиялық спортшы күтуде.