05 қаң, 2021 сағат 20:23

Әзербайжанда 2021 жыл Низами Ганджауи жылы деп жарияланды

Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің өкімімен Әзербайжанда 2021 жыл Низами Ганджауи жылы деп жарияланды, деп хабарлайды Аzertag ақпарат агенттігі.

«2021 жылы кемеңгер ақын әрі ойшыл Низами Ганджауидің туғанына 880 жыл толады. Әзербайжан Республикасы Конституциясының 109-бабы 32-тармағын басшылыққа алып, адамдарды адамгершілік тұрғыда үнемі жетілуге шақырған, оларға жоғары ғибраттық сапа сіңірген сөз бен ақыл-ойдың құдіретті шеберінің бай шығармашылығының бірегей маңызын ескере отырып қаулы етемін: 2021 жыл Әзербайжан Республикасында «Низами Ганджауи жылы» деп жариялансын; Әзербайжан Республикасының Министрлер кабинеті «Низами Ганджауи жылымен» байланысты іс-шаралар жоспарын дайындасын және жүзеге асырсын», - делінген елПрезидентінің өкімінде.

Низами Ганджауи (1114-1209)

Ортағасырлық парсы тілді Низами Ганджауи лақап атымен танылған ақын Әбу Мұхаммед Ілияс бин Йусуф Орта Азияға моңғолдар шапқыншылық жасағанға дейін өмір сүрген. Кейбір деректерде 1141 жылы осы күнгі Әзербайжанда туып, 1209 жылы дүниеден өткендігі және атақты ақын болғандығы айтылады. Шығармашылығы Хафиз Ширази, Жалал ад-дин Руми, Сағди ғана емес, сондай-ақ қазақ ақыны Абайға да әсер еткен. Оның қаламынан «Хусрау және Шырын», «Ләйлі – Мәжнүн», «Искандер наме» секілді шығармалар туған. Көлемді-көлемді қасыдалар (поэмалар) жазған. Қыпшақ қызы Аппақ аруға ғашық болып, соған үйленген. Соған арнап «Аппақ наме» атты поэма туындатқан. Оны қазақ тіліне Қалижан Бекхожин аударған. 

Низамидің көптеген шығармаларының Кашмирден табылуында да кездейсоқтық жоқ. Оның парсы тіліндегі дүниелері Үндістанға да тараған. 1991 жылы ақынның туғанына 850 жыл толуы ЮНЕСКО шеңберінде кең көлемде аталып өтті. Осы күндері ол әзербайжандықтардың классик ақыны саналады. Низами Ганджауи Иран пен Кавказ бойы жұртын түрік селжұқтар билеген кезде ғұмыр кешті. Сол себепті де ол түркі халқына да ортақ, олардың да мақтанышы. Низамидің еңбектері «Хамса» («Бес кітап») атты поэмалармен белгілі, оған «Құпиялар қазынасы», «Хусрау мен Шырын», «Ләйлі –Мәжнүн», «Жеті ару» және «Ескендір наме» атты шығармалары топтастырылған. Абайдың «Ескендір» поэмасы да Низами Ганджауидің аталмыш поэмасы негізінде жазылған. Низами¬дің «Аппақ намесінен» басқа, «Ләйлі – Мәжнүні» де ана тілімізге аударылған.