12 қаз, 2022 сағат 19:22

Әзербайжан Президенті Астанаға келді


Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев Астанада өтетін ірі халықаралық іс-шараларға қатысу үшін Қазақстан Республикасына келді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құрметті қонақты елорда әуежайында Премьер-Министр Әлихан Смайылов қарсы алды.

Ильхам Әлиев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитіне және ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысады деп күтіліп отыр.

Айта кетейік, 12-13 қазанда Астанада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммиті өтеді. Саммитке Әзербайжан, Ирак, Иран, Қазақстан, Катар, Қырғызстан, Палестина, Ресей, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан және Беларусь басшылары, Вьетнам вице-президенті және ҚХР Төрағасының орынбасары қатысады. 

Ал 14 қазанда Астанада Достастықтың жоғары органы – ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысы өтеді. Іс-шара барысында ТМД алаңындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылау, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы, сондай-ақ қауіпсіздік саласындағы интеграциялық байланыстарды одан әрі дамытуға және нығайтуға бағытталған бірқатар құжатты қарау және қабылдау жоспарланған.