03 жел, 2020 сағат 09:35

Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетіне жаңа басшы келді

Полковник Бауыржан Сыздықов Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бауыржан Мәдіұлы Сыздықов 1973 жылғы 14 маусымда Шымкент облысы Бөген ауданы Задарья ауылында дүниеге келген. 

2000 жылы Қазақ Мемлекеттік медициналық университетін бітірген, гигиенист-эпидемиолог дәрігері, 2010 жылы Ресей Федерациясы Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғау академиясын бітірген, «командалық-штабтық оперативті-тактикалық азаматтық қорғаныс» мамандығы бойынша басқару саласындағы маманы, 2019 жылы Мәскеу қаласындағы «Синергия» Мәскеу қаржы-өнеркәсіп университетін бітірген. Құқықтану магистрі.

2001-2009 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысы ТЖ басқармасының аға офицері, 2010-2012 жылдар аралығында ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс департаментінің халық пен аумақты қорғау басқармасының бастығы қызметін атқарған. 2012-2014 жылдар аралығында ҚР ТЖМ Ақтөбе облысы ТЖД бастығының орынбасары, 2014-2015 жылдар аралығында ҚР ІІМ ТЖК Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, 2015-2019 жылдар аралығында ҚР ІІМ ТЖК Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы болған.

2019 жылдың қараша айынан бастап ҚР ІІМ ТЖК Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы қызметін атқарып келді.