23 жел, 2019 сағат 10:16

Азаматтарға көмек көрсету бойынша Әлеуметтік қор құрылады - Әділет министрі

ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев азаматтарға көмек көрсету бойынша Әлеуметтік қор құрылатынын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Осы мәселеде жағдайды жақсартудың қосымша тетіктерінің бірі ретінде бөлек қор құрамыз. Биылғы 21 қарашада Жеке сот орындаушыларының кезектен тыс съезі өтті. Онда сот актілерін орындаудың тиімділігін арттырудың мәселесі қаралып, алиментті өндіру проблемалары да назардан тыс қалмады. Съезд қорытындысы бойынша Әлеуметтік қор құру шешімі қабылданды», - деді министр Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында.

Қордың мақсаты – атқарушы өндіріс тараптары болып саналатын әрі қиын әлеуметтік және қаржылық жағдайдағы азаматтарға көмек көрсету.

«Қордың бюджетін мүшелік жарна мен ерікті жәрдем есебінен Республикалық палата мүшелері қалыптастырады. Сондықтан қор қаржысы лимиттелген. Қор жұмысын Палатаның қамқоршылық кеңесі қадағалайды», - деді Марат Бекетаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәжілістегі Үкімет сағатында Марат Бекетаев проблемалы алименттер саны қаншалықты қысқарғанын айтты.