Фото: ҰҚК
Ұлттық қауіпсіздік комитеті азаматтардың жеке деректерін заңсыз жинап, оларды ақшаға сатумен айналысқан қылмыстық топтың әрекетін әшкерелегенін хабарлады.
Ведомство мәліметінше, биыл наурыз айында Астана мен Алматы қалаларында азаматтардың дербес деректерін заңсыз жинау және тарату схемасына қатысы бар күдіктілер тобының қызметі тоқтатылған.
Тергеу барысында анықталғандай, қылмыстық топ заңсыз жолмен алған ақпаратты интернет арқылы сатып келген. Бұл деректердің сатып алушылары арасында микроқаржы ұйымдары, коллекторлық компаниялардың кейбір өкілдері және жеке тұлғалар болған.
Тінту шаралары кезінде компьютерлік техника, электрондық ақпарат тасымалдағыштар, ірі көлемдегі ақша қаражаты және өзге де заттай айғақтар тәркіленді.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасуда.
