27 сәу, 2026 сағат 13:27

18 жасар қазақстандыққа Грузияда ең ауыр жаза қарастырылуда


Бейнеден алынған кадр


Грузияда 18 жастағы Қазақстан азаматы есірткі қылмысына байланысты ұсталып, өмір бойына бас бостандығынан айырылу жазасына дейін тартылуы мүмкін. Бұл туралы Грузия Ішкі істер министрлігі хабарлады.


Ведомство мәліметінше, 2008 жылы туған екі шетелдік азамат — Қазақстан мен Украина азаматтары ел аумағында әртүрлі уақытта қолға түскен. Оларға есірткі заттарын ірі және аса ірі мөлшерде заңсыз сатып алу, сақтау және таратуға жәрдемдесу бойынша айып тағылған.


Тінту және тергеу әрекеттері барысында полиция олардың уақытша тұрған жерлерінен аса ірі мөлшердегі «метадон» есірткі заты мен оны өлшеп-орауға пайдаланылған құралдарды тәркілеген.


Іс Грузия Қылмыстық кодексінің 260-бабы бойынша тергеліп жатыр. Бұл бап 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.


Қазір аталған дерекке қатысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне ресми сауал жолданған.


Айта кетейік, бұған дейін БАӘ-де тағы бір қазақстандық азаматқа қатысты өмір бойына бас бостандығынан айыру үкімі шыққаны хабарланған болатын. Ол іс бойынша да апелляция беріліп, шешім әлі заңды күшіне енген жоқ.