28 ақп, 2019 сағат 16:20

Азаматтарды әлеуметтік қорғауды күшейтуге 1,3 трлн теңге жұмсалады

Азаматтарды әлеуметтік қорғауды күшейтуге үш жылдың ішінде 1,3 трлн теңге жұмсалады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Ә.Смайылов Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды уақытылы орындау мақсатында Қаржы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, елдің табысы мен тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бастамалар бойынша алдын ала есептеулер жүргізгенін атап өтті.

«2019-2021 жылдарға қосымша қажеттілік - 2 трлн теңге. Оның ішінде 2019 жылға - 446,7 млрд теңге қарастырылған. Бірінші, қаражаттың басым бөлігі жеке санаттағы азаматтарды әлеуметтік қорғауды күшейтуге бағытталады. Үш жылға шамамен 1,3 трлн теңге және 2019 жылға - 226,7 млрд теңге. Екінші, азаматтардың жекелеген санаттарын тұрғын үймен қамтамасыз етуге жыл сайын 100 млрд теңгеден 300 млрд теңге қосымша қаражат қажет болады»,- деді ол.

Министрдің айтуынша, өңірлік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінетін болады. Оны қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджеттерден 2025 жылға дейін 920 млрд теңгені құрайды. Республикалық бюджеттен 2019-2021 жылдарға бұл бағыт бойынша қосымша 320,9 млрд теңге бөлінеді. Оның ішіне 2019 жылы 90 млрд теңге қосымша бағыттау жоспарланып отыр. Жергілікті бюджеттен жобаларды қоса қаржыландыру үшін 101,1 млрд теңге, оның ішінде 2019 жылы 32 млрд теңге бөлу талап етіледі.

«Ауыл - ел бесігі» атты жобаны жүзеге асыруға қосымша 90 млрд теңге, оның ішінде 2019 жылы 30 млрд теңге қажет болады. Елдің табысы мен тұрмысын жақсартуға бағытталған тапсырмаларды қаржылық қамтамасыз ету мақсатында кедендік және салықтық әкімшілендіруді жақсарту бойынша бірқатар шаралар қабылданады. Соның ішінде кедендік әкімшілендірудің нәтижесінде бюджеттің кіріс бөлігінде үш жылдың ішінде 800 млрд теңге қосымша түсімдер тартуға мүмкіндік беріледі. Биыл 200 млрд қосымша түсім болады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы атап өткендей, Ұлттық қордан да қаражат тартылады»,- деді Ә.Смайылов.