27 қаң, 2025 сағат 16:12

"Аймақтардың ахуалы, геосаясат, инфрақұрылым мәселесі": Үкіметтің кеңейтілген отырысында Тоқаев неге назар бұрады?


Фото: nege.kz Қазбек Майгелдинов

28 қаңтарда Үкімет үйінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен  Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Отырыста қандай мәселелер қозғалып, қандай бастамалар көтерілуі мүмкін? Бұл туралы Ult.kz тілшісі саясаттанушы Қазбек Майгелдиновтен сұрап көрді. 

Ақорда таратқан ақпаратта “отырыс барысында еліміздің 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, Үкіметтің алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттері айқындалады” делінген. Сондай-ақ Премьер-министр Олжас Бектенов, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов және бірқатар өңір әкімдерінің баяндамалары тыңдалады.

Саясаттанушы Қазбек Майгелдинов Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы басымдық беретін мәселелер көп деп отыр.

«Әлемдік деңгейде қарайтын болсақ, мұнай бағасының тұрақсыздығы, Таяу Шығыстағы Газа секторы мен Палестина арасындағы соғыс, одан бөлек, Украина мен Ресей арасындағы геосаяси ірі қақтығыстар, Америка Құрама Штаттары президенттігіне Дональд Трамптың келуімен бірнеше әлемдегі экономикаға әсер ететінін кешегі кездесуде айтқаны, осы мәселелер арасында Қазақстан үшін біріншіден экономикамызды әртараптандыру мәселесі тұр. Ол туралы Президент жалпы айтып жүр. Қарапайым заттар экономикасы, аймақтардағы өнеркәсіптік-өндірістік мәселені нығайту туралы», -деген саясаттанушы қаржылық мәселелерді басты назарға алу керек екенін айтады.


«Аймақтардағы көктемгі су тасқыны болсын, егін егу, басқа да мәселелерде жыл сайын қайталанатын олқылықтар бар. Осы тұрғыдан алған кезде қазіргі басты мәселе - аймақтардың экономикалық тұрақты өсуі болуы керек. Екінші мәселе, әрине, қара халықты да алаңдатып жүрген - инфляция мәселесі. Өйткені, бізде өткен жылы инфляция өте жоғары деңгейде болды. Ал ақша-несие саясатын жүргізу Ұлттық банктің қазіргі таңда жасап жатқаны», -дейді ол. 


Дегенмен, саясаттанушының сөзінше баяндамадан бөлек, мемлекет бақылауындағы қандай әрекеттер және нақты қадамдар жасалады? Осы мәселеге көңіл аудару керек. Өйткені бұл жалпы елдегі баға өсіміне, бағаны тұрақтандыру мәселесіне тікелей әсер етеді. 

«Енді осы екі мәселе төңірегінде қосымша қалай экономиканы көтеру керек дегенде, әрине, бірінші кезекте инвестиция тарту мәселесі кіреді. Өйткені инвестицияны шикізаттық емес секторларға тарту мәселесі көкейкесті. Әсіресе аймақтар мемлекеттен бөлінген ақшадан бөлек, осы инвестициялық тартымдылық мәселесіне баса назар аударуы керек. Бір аймақта инвестиция саясаты жақсы жүргізілсе, кейбір аймақтарда нашар. Ал оның барлығы түптеп келген кезде аймақтардың экономикалық деңгейіне тікелей әсер етеді», -деп отыр Майгелдинов.


Саясаттанушы халықтың әл-ауқатын арттыруды да өзекті мәселелер қатарына қосты.

«Осы мақсатта бюджеттен ақша бөлінеді, бірақ мәселе қаншалықты әділ бөлініп жатыр? Яғни аймақтарда орталықтандыру саясаты кейбір олқылықтардың бетін ашып жатыр. Көп аймақтар жауапкершілікті алмайды, тікелей үлестіру мәселесінде, әлеуметтік саланы дамытуда қателіктер жіберіп жатыр. Бұл мәселеге де басты назар аударылуы керек сияқты», -дейді ол. 


Қазбек Майгелдиновтың ойынша қазіргі таңда үш бастама Қазақстан экономикамызға өте маңызды. Оның біріншісі, көлік-логистикалық инфрақұрылымды жетілдіру. Себебі қазірдің өзінде маңызды автожолдардың құрылысын аяқталу мерзімі және сапалы орындалуы өзекті болып тұр. Сосын ауылшаруашылығына бөлінетін қаржыны арттыру, одан кейін өнімді терең өңдеуге және шикізаттық-ауылшаруашылық терең өңдеу мәселесіне басты назар аудару керек. 

«Өйткені мұның барлығы түптеп келген кезде, жаңа жұмыс орындарының ашылуы, жұмыссыздық мәселесін шешуге және қауіптісіздігін қамтамасыз етуге өте маңызды»,  -дейді саясаттанушы Қ. Майгелдинов.