11 шіл, 2020 сағат 12:11

Аймағамбетов пандемия кезіндегі қабылданған шешімдерге өкінбейтінін мәлімдеді

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пандемия кезіндегі қабылданған шешімдерге өкінбейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Әу баста басым көпшілігі «төртінші тоқсанды шілде-тамыз айларына ауыстырайық» десе, кейбірі «одан да осымен оқу жылын аяқтайық» деген еді. Алайда осындай пікірлерге қарамастан біз оқуды қашықтан жалғастыру туралы шешім қабылдадық», - деді Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрлігінің онлайн форматтағы тілшілермен кездесуінде.

Білім және ғылым министрі бұл шешімнің оң болғанын жеткізді.

«Бұл шешімге титтей де өкінбеймін. Толығымен дұрыс деп есептеймін. Сол кездегі ұсыныстарға құлақ асқанда қазіргі шілде айында жағдайымыз қалай болар еді – елестете беріңіз», - деді Асхат Аймағамбетов.

Еске сала кетсек Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында мектептердің алдағы жаңа оқу жылына дайындығын пысықтаған болатын. 

«Бұл – әкімдіктер мен министрліктің жұмысының нәтижесі. Әкімдіктер жаңа оқу жылына дереу дайындалып, мектептер мен жекелеген мұқтаж отбасыларды қажетті техникамен жабдықтауға тиіс. 1 қыркүйекте жаңа оқу жылы басталады. Министрліктің бұл оқиғаға дайындығына күмәнім бар. Балалар қалай оқиды – мектепте немесе қашықтан? Мұғалімдердің жаңа оқу жылына дайындығы қандай?», - деп сұрақ қойды Мемлекет басшысы.