27 мау, 2023 сағат 13:41

Аймағамбетов мемлекеттік органдардың жұмысын сынады

видеодан алынған кадр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Әділетті Қазақстанның саяси жүйесінің негізгі формуласы – «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» деп айқындап, Президенттік реформалар аясында тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл туралы депутат Асхат Аймағамбетов айтты,  деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Бүгін Мәжіліс депутаттары жаңа жағдайда жұмыс атқаруда. Заң жобалары Қоғамдық палата алаңында, азаматтық қоғам өкілдері, ғалымдар мен сарапшылармен бірге жан жақты талқылынып жатыр. Қазірдің өзінде қоғамдық бақылау, активтерді қайтару туралы және басқа да маңызды заңдар қабылданды. Мұның бәрі депутаттық корпус пен Үкіметтен бірлескен және үйлесімді жұмыс талап етеді. Алайда бірінші сессия барысында бірнеше проблемалық сұрақтарды байқадық», - деді депутат.

Оның айтуынша, Конституция бойынша депутаттардың заң шығару бастамасы құқығы бар.

«Жаңа шақырылымның ерекшелігі – ең маңызды мәселелер бойынша депутаттардың бастамашыл заң жобаларын белсенді әзірлеуі. Заңнамаға сәйкес олар Үкіметтің қорытындысына жіберілуі керек. Алайда мұнда біз мемлекеттік органдардың әлсіз, тиімсіз жұмысын көріп отырмыз. Біз ғылым және ғылыми-технологиялық саясат бойынша заң жобаларын әзірледік. Президенттің тапсырмасы да бар екенін білесіздер  Үкімет осы заңды маусымның соңына дейін енгізуі керек еді. Алайда үлгермеді. Ал депутаттар өздері бастамашы болып осы заң жобасын дайындады. Бұған қоса білім, мәдениет және т.б. туралы заң жобаларырын да депутаттар әзірленді. Бірақ мәселе мынада, мемлекеттік органдар заң жобаларын әзірлеу солардың ғана құзыреті деп санайды. Біз әзірлеген заң жобаларына салғырт қарайды», - деді ол.

Аймағамбетов Үкімет қорытындыларының қажеттілігі туралы айтты.

«Жұмыс топтарында талқылау барысында мемлекеттік органдар барлық нормаларды Үкіметтің қорытындысына жіберуді талап етеді. Алайда Конституцияның 61-бабы 6-тармағына сәйкес мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін заң жобалары ғана Үкіметінің оң қорытындысы болған кезде енгізілетінін атап өткен жөн. Сондықтан Үкіметтің қорытындысына тек шығынды талап ететін нормалар ғана жіберілуі қажет. Жалпы, осындай тәжірибені болдырмас үшін Үкімет регламентіне тиісті түзетулер енгізу қажет деп санаймын. Бұл – депутаттардың түзетулеріне Үкімет қорытындысын қарау мерзімдері. Депутаттардың түзетулеріне Үкіметтің қорытындылары Парламент Мәжілісіне 4-5 айдан кейін келіп түседі.

Сондықтан біздің ойымызша, Үкіметтің қорытындыларын келісу рәсімін қайта қарау, олардың өтуін қиындататын кедергілерді жою және заң жобасына қорытынды дайындаудың толық мерзімін 1 айдан аспайтын мерзімге жасау қажет», - деді ол.

Депутат Үкімет нормасының нақты ұсынылатын редакциясын енгізбей, жай ғана депутаттардың түзетулеріне теріс қорытынды жасау практикасын тоқтату қажет деп санайды.

«Бұған қоса, осы қорытындылардың тұрақты болуын қамтамасыз ектен жөн. Өйткені бір мәселе бойынша бірнеше позиция келетін жағдайлар аз емес. Қорытындай келе, аталған проблемаларды мұқият қарап, тиісті шемдімдерді қабылдауды ұсынамын. Біздің мақсатымыз – бір, илеп жатқан бір терінің пұшпағы. Сондықтан елімізді дамыту мен Президенттің тапсырмаларын сапалы орындау үшін депутаттар мен Үкімет мүшелері үйлесімді әрі тиімді жұмыс атқарады деп сенемін», - деді ол.