19 қыр, 2018 сағат 21:40

«Айка» фильмінің Оскарға таласатын мүмкіндігі бар - Ақтоты Райымқұлова

Канн кинофестивалінде жүлде алған «Айка» фильмінің Қазақстан атынан Оскарға қатысатын мүмкіндігі бар. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Бүгін ҚР Мәдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстан тарапынан Оскар сыйлығына ұсынылған «Айка» фильмінің өтпей қалғанын айтқан еді. Министрдің атап өтуінше, көркем фильм режисері Сергей Дворцевой Қазақстанда туып өскен, алайда кейін Ресей азаматтығын алған.

«Бұл мәселені бақылауда ұстап отырмыз. Әрине, әр байқаудың өзіндік талаптары бар. Бірақ, біз қазір кинотүсірілім тобында қазақстандықтар жұмыс істегенін, екінші планда ойнағанын дәлелдеп жатырмыз. Бұл - америкалық тараптың ресми хабары емес. Сондықтан, Оскар үміткерлерінің қатарына қосылатын мүмкіндігіміз көп. Америкалық тараптан жауап күтудеміз», - деді А. Райымқұлова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. 

Вице-министрге «Айка» өтпеген жағдайда, Оскарға қандай қазақстандық фильм ұсынылады?» деген сұрақ қойылды. 

«Бұл өте беделді сыйлық және оның бірқатар талаптары бар. Эмир Байғазин лайықты үміткер болар еді, бірақ уақыт талабына байланысты, оның фильмін келесі жылы ғана ұсына аламыз. Яғни, «Айка» - уақыты, мәртебесі жағынан ең қолайлы өнім болып отыр. Оның Канн кинофесивалінің жеңімпазы деген атағы бар және шын мәнінде насихатталуы тиіс сапалы фильм. Қазақстан үшін «Айка» фильмін Оскарға ұсыну - үлкен мәртебе болар еді», - деп жауап берді вице-министр.