Жыл сайынғы дәстүрге айналған Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Өнер» және «Білім» бағытындағы ХI Республикалық студенттік пәндік олимпиада аталған жоғарғы оқу орнында тыңғылықты дайындықпен асыға күтілетін үлкен жоба болып табылады. Биылғы Олимпиада Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының құрылғанына 75 жыл толуына орай және ХХ ғасырдың әйгілі күйші-композиторы Темірбек Ахметовтың 100 жылдық мерейтойына арналғанын атап өткен жөн. Олимпиада қарсаңында осы сайысқа төрелік ететін қазылар алқасының да осыған қатысты пікірін біліп, жас орындаушыларға қойылған талаптары мен кеңестерін білу мақсатында «Домбыра» аталымының төрайымы – ҚР еңбек сіңірген артисі, профессор Айгүл Үлкенбаевадан сұхбат алуды ұйғардық.
- Айгүл Нариманқызы, күй өнерін сахнадан түсірмей, ел-жұрттың сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерген қазақтың бетке ұстар шебер күйші-орындаушысы және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы қабырғасында өтіп жатқан Республикалық Олимпиадасында «Домбыра» аталымының төрайымы ретінде сізге қояр бірнеше сауалым бар еді. Орта және жоғарғы оқу орындарында оқитын жас домбырашылар арасында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін Республикалық олимпиада бүгінгі орындаушыларға несімен маңызды деп ойлайсыз? Домбырашылардың орындаушылығына пайдалы әсері көбірек пе, әлде теориялық білімін нығайта ма?
- Аталған олимпиада ең алдымен жоғарғы немесе орта музыкалық оқу орындары арасындағы студенттердің және жалпы сол оқу орындары арасындағы қарым-қатынасты арттырып, тәжірибе алмасуы жағынан маңызы зор. Теориялық біліміне де оң әсерін бере ме дегеніңіз дұрыс шығар, өйткені колоквиум сұрақтары да арнайы дайындалғанын айта кету керек. Ал қатысушының орындаушылығы әлбетте өсетіні анық.
- ХХ ғасырдың дүлдүл орындаушыларын, домбыра үйретудегі небір шебер ұстаздардың көзін көріп, олардың домбырадағы күй тартысын тыңдап, тіпті қасында отырып тәлім-тәрбиесін де алдыңыз. Енді бүгінгі жас орындаушылар сол кездің орындау дәстүрін іліп алып кете алды ма? Әлде, жетіспей жатқан тұстары бар ма? Осыған тоқтала кетсеңіз?
- Әрине, ақсайтын тұстарымыз өте көп. «Дәстүр» дегеніміз қазір үзіліп бара жатыр. Себебі, оқу жүйесіндегі домбырашыға сабақ беру тәсілін өзгерту керек деп ойлаймын. Әрбір күйшілік мектептің бір-бір өкілін отырғызып, дәстүрді сақтап қалмай, әр ай сайынғы сынақ-емтихандарының артынан жүре беретін болсақ бәрінен айырылу қаупі бар.
- Консерватория шаңырағында бірталай жыл жемісті еңбек етіп, шәкірттеріңіз еліміздің түкпір-түкпірінде белсенді қызмет жасауда. Сонымен қатар, өзіңіз ашқан мектеп-студиясында әр түрлі жастағы балаларға күйді «құйма-құлақ» әдісімен үйретіп келе жатқаныңызды да білеміз. Осы орайда мынадай сұрақ туады, домбырашыға, әсіресе, күй орындаушысына ноталық үйрету әдісінің қажеттілігі мен қолдан қолға «құйма құлақтық» үйрету әдісі арқылы үйреткен күйдің артықшылығы қаншалықты деп ойлайсыз?
- Нотамен үйрену – ол жансыз затпен тең. Оған жан бітіретін адам, яғни орындаушы. Егер орындаушының құлағында нағыз шебер күйшінің дыбысы болмаса, оны көрмесе, тыңдамаса, онда ол ондай шеберлікке де ұмтылмайды. Құйма-құлақтық деген – ұстаздың алдында тек нотамен ғана емес, сонымен қатар сол шеберлікті де қатар естіп, үйрену. Нота шеберлікті дәл түсіріп бере алмайды. Қолдан үйрету арқылы ғана шәкіртті шеберлікке тәрбиелей аламыз.
- Тұңғыш президентіміз 2018 жылдан бастап шілденің бірінші жексенбісі – Домбыра күні деп мерейімізді асырып, қаншама домбыра арқалаған талантты жастарға демеу көрсетті. Телеарналарда азайып кеткен ұлттық музыкалық жобалар қайта жандана бастады. Осы жолда мол тәжірибеңізге сүйене күй насихатының жүйелі дамуына алып-қосар ұсыныстарыңыз бар ма?
- Әрине, жақсы бастама болғаны рас. Ел болып, ел еңсесін домбырамен көтермегенде немен көтереміз?! Дегенмен, ұсыныстарым да аз емес. Оның бірі – телеарналардағы күйге қатысты телесайыстарда қайта айналып келе беретін кәсіби білімі бар, қалыптасқан домбырашылардың түрлерін емес, еліміздің әр қиырында жүрген талантты, дәстүрлі үлгіде орындайтын жас домбырашыларды жарыққа шығаруға күш салғанын қалаймын. Олай дейтінім, ел аралап жүріп, ондай балалардың көп екенін байқаймын. Сонымен қатар, республикамызда күй сайыстары екі жылда немесе үш жылда бір рет өтсе де қазақтың әр өңірінің айтулы күйші-композиторларын ұлықтау мақсатында мемлекеттік дәрежеде қолдау алып, барлық өңірде дәстүрлі түрде өтіп тұрса деп ойлаймын. Себебі, қазіргі таңда күйшілерге белсенді көңіл бөліп, тіпті қомақты қаржылай сыйақы дайындап, демеу көрсетіп жатқан Атырау мен Ақтау қалалары екені жасырын емес. Сондықтан, басқа да күйшілік мектептері қамтылуы керек деп есептеймін. Біздің мына олимпиадаға қолдау көрсетіп отырған Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының еліміздегі шығармашыл жастарға демеушілік жасап жүргенін білеміз. Алдағы уақытта осындай жобаларға да қолдау білдіреді деп үміт етеміз.
- Айгүл Нариманқызы, қазақтың қара домбырасын үйретуге, насихаттауға өміріңізді арнап, елімізге аянбай еңбек етіп келе жатырсыз десем қателеспеймін. Әлі де береріңіз көп қой, сөзсіз. Дегенмен, орындалмаған арманыңыз бар ма? «Шіркін-ай» дейтін тұстарымен бөлісесіз бе?
- Жастығымыз жалындап тұрғанда елімізде өтіп жатқан барлық игі шараларында төбе көрсетіп, концерттерімізді беріп жүрдік. Тіпті, қазірдің өзінде де ел аралап, әр түрлі жаңалықтарымызбен концерттерімізді қойып жатырмыз. Халық тік тұрып, қошеметін аямай қолдап жатыр. Бірақ, біздің кезде күй өнерінің үлкен ауқымда әлем жұртшылығының алдына шығуына мүмкіндік беретін мамандарды жолықтырмадық. Әлемдік деңгейдегі дұрыс менеджментті қолданған концерт ұйымдастырушылары елімізде шыға қоймады. Мүмкін, болған шығар, бірақ біздің ұйымдастырған концерттеріміз елден әрі аса алмай, насихатталмай қалып қоятын. Біз өз тарапымыздан орындаушы ретінде форматы қызықты концерттерді дайындап, халық алдына ұсындық. Ал, енді іліп алып кететін еліміздің «ивент» орталықтары, менеджерлері табыла қойған жоқ. Бүгінгі жас орындаушыларға жақсы мүмкіндіктер көп. Енді соны тиімді пайдаланса, алысқа баруға болатынын байқаймын.
- Айгүл Нариманқызы, бүгінгі жас домбырашыларға кеңес беріп, сүбелі ойыңызбен бөліскеніңіз үшін алғыс білдіреміз. Деніңізге саулық, шығармашылығыңызға табыс тілеймін!
Сұхбат жүргізген:
Ержан Жамеңкеев,
Құрманғазы атындағы
Қазақ ұлттық консерваториясының
оқытушысы, PhD доктор