Онлайн форматта Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Лаззат Рамазанова барлық деңгейлерде отбасы институтын нығайту мәселелері бойынша тиімді өзара іс-қимылды қалыптастырудың маңыздылығын, сондай-ақ азаматтық қоғаммен тығыз өзара іс-қимылдың қажеттігін атап өтті.
«Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін жауапкершілік өңірлердің әкімдеріне жүктелуі тиіс. Бұл бағыттағы жұмыс нақты жүргізілу қажет. Отбасы институтын нығайту мәселесі Мемлекет басшысының назарында», - деп атап өтті Лаззат Рамазанова.
Ұлттық комиссияның құрамын нығайту мақсатында Президенттің 2021 жылғы 19 наурыздағы №536 Жарлығымен оның құрамына жаңа мүшелер - азаматтық қоғам мен квазимемлекеттік сектордың белсенді өкілдері енгізілді. Олар: «Әкелер Одағы» қоғамдық бірлестіктерінің жетекшісі М.Айтмағанбет және «Talbesik» көп балалы аналар Одағының» жетекшісі Л.Қожахметова, Ұлттық кооперативтер қауымдастығының президенті Қ.Шайх, Қазақстанның батыс облыстарындағы «ORTAQ» өңірлік әйелдер бастамалары Альянсының төрайымы С.Салихова, журналист Д.Мұқаев, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрайымы Г. Бөрібаева, «KAZENERGY» Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдары қауымдастығының атқарушы директоры Л.Ахмурзина, «Қазпошта» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры А.Әбибуллаева. ҚР Президентінің Кеңесшісі М.Әкімжанова және қоғам қайраткері С.Тұрсынбекова Ұлттық комиссия төрағасының орынбасарлары ретінде ұсынылды.
Отырыста Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс–шаралар жоспарының екінші кезеңінің орындалу барысы туралы ақпараты тыңдалды, сондай-ақ «Қазақстандық отбасылар-2020» ұлттық баяндамасы таныстырылды.
Мемлекеттік отбасылық және гендерлік саясатты іске асыруға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орындау туралы мәселелер талқыланды. Ләззат Рамазанова гранттық қаржыландыру аясында жүзеге асырылып жатқан жобаларды жоспарлау тәсілдерін мұқият қарауды ұсынды.
Өңірлерде 31 «Жанұя», «Бақытты отбасы» отбасын қолдау орталықтарының қызметтері ұйымдастырылған. Орталықтар заңгерлік, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту және т.б. мәселелер бойынша кеңес беру қызметтері көрсетіледі.
Әке институтын дамыту мақсатында балалар мен жастарды тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратын әкелер қозғалысы белсенді дамып келеді. Бүгінгі таңда «Әкелер Одағы» РҚБ-нің 8 филиалы Алматы қаласында, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Қызылорда облыстарында жұмыс істейді. Бұл бағытта ЮНФПА халықаралық ұйымымен бірқатар бірлескен жобалар іске асырылуда.
Отырыс қорытындысы бойынша орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға бірқатар ұсыныстар берілді.