Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысында Мәжіліс депутаты Айдос Сарым ауыл шаруашылығына қатысты тиісті сауалнама жүргізуді ұсынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Ұсынысқа тоқталсақ, тиісті бағыттар бойынша 5-6 топ құрып, осындағы азаматтарды бөліп, 5-6 пошта жәшігін ашып, сонда ұсыныстар жинап, кәсіби кішігірім талқылауды ұйымдастырсақ. Бәлкім, 5-6 тақырып бойынша тематикалық отырыстар ұйымдастырып, мамандарды шақырсақ», - деді депутат.
Сонымен қатар ол жер мәселесіне қатысты тиісті сауалнама жүргізу керектігін айтты.
«Көптеген мәселені тек қана интернетке, әлеуметтік желіге қарап айтып отырмыз ғой. Мүмкін ауқымды 1-2 сауалнама жүргізілсе... Ауыл шаруашылығы саласы мамандарының, фермерлердің арасында осындай сауалнама қамтылуы керек болар. Жалпы, осындай кешенді тақырыпта халықтың және ауылда тұрып жатқан азаматтарды, кәсіпкерлердің көзқарасы қандай? Біз қоғам ретінде жаңағыдай ауқымды мәселеге дайынбыз ба? Бізге барынша дұрыс шешім қабылдап, барынша дұрыс пайым болуы үшін осындай сауалнама жасалса деген ұсыныс бар», - деді Сарым.