15 қаң, 2018 сағат 08:36

Айдос Сарым. Жаңа жылға аманат

Әне-міне дегенше 2017 жылымыз өтіп, күнтізбелік Ит жылына аяқ бастық. Жаңа жыл келді, жаңа жыл басталды десек те, баспасөзіміз бен интернетіміз әлі де ескі жылдың тақырыптарын кеміріп, қоғамды өнер жұлдыздарының дау-дамайымен асырап келеді. Қай сайтты ашып қалсақ та көретініміз бір жылда фамилиясын үш ауыстырған Баян, түнгі клубта қыздарды шешіндірген Байзақова, көрермендерін боқтаған әнші Төреғали, тағысын тағы. Егер басқа елден келген біреу-міреу қазақ баспасөзін шолитын болса: «Мына қазақтар қандай бақытты халық! Талқылайтын тақырыптары қалмай, өнер жұлдыздарын күні-түні талқылайды!» дейтіндей халге келер еді...

Шындап келер болса, қазақ талқылайтын тақырып бастан асады. Шетелде құрықталып жатқан Ұлттық қордың 22 миллиард доллары болсын, ертеңіміз осыған қарайды ғой деп тірнектеп, бала-шағаның аузынан жырып алып жиналып жатқан зейнетақы қоры қаражатының талан-таражға түсуі болсын, елді жегідей жеген жемқорлық кесірінен әрбір дерлік ірі бюджет бағдарламасының пысықайлар мен ұрылардың мемастауы мен жемсауына айналуы болсын, бәрі де қоғам назары мен қызығушылығын тудыратын тақырыптар. Бұдан ассақ еліміздің шынайы тәуелсіздігі, мемлекетіміздің бірлігі мен тұтастығы, екі алпауыт көршінің Қазақстандағы саясаты, еліміздің бірегейлігі мен ділдік ынтымақтастығын арттыру тақырыптары мәңгілік тақырыптар. Еліміздегі жемқорлық мәселесі, демократиялық институттар мен азаматтық қоғамды қалыптастыру, баспасөз бостандығы мен ой еркіндігін баянды ету қазаққа керек емес деп кім айта алады? Ал болашақ ұрпақты тәрбиелейтін мектеп мәселесі, мектептегі білім деңгейі, үштілділік деген саясат, ұстаздардың  жалақысы, елдегі экология, ауру-сарсаңның таралуы, дәрігерлеріміздің жайы есі түзу қоғамды бей-жай қалдыра ала ма? Халқы босап жатқан ауылдарымыз, қала мен ауыл айналасындағы жер мәселесі, жұмыс іздеп, күнін көру үшін қалаға сабылып келіп жатқан қазақ мәселесі, жабайы урбанизация, елдегі жұмыссыздық, жалақылардың төмендігі мен әділетсіздігі жұртты қызықтырмайды дегенді кім айтып еді?

Ал біз нені талқылап жатырмыз? Біздің баспасөзіміз бен интернетіміз, одан қала әлеуметтік желілеріміз нені бас тақырып қылып, не үшін қырықпышақ болып қырқысып жатыр? Ойбай, Баян қызымыз «Баян сұлуды» қорлапты, быт-шыт киносериал түсіріпті! Ойбай, Төреғали концертте көрермендерін боқтапты! Ойбай, ана әнші байынан ажырасып, басқаға тиіпті! Ойбай, аналар арсыз екен, жұрт көзінше сүйісіп тұр екен! Ойбай, ана молда қатындарды қамшымен сабау керек депті! Ойбай, ана әкім президентке кіріпті, ана министр үйқамақта отыр екен, бұнда қандай гәп бар екен, ә? Ойбай, ана пысықай президентті өлгенше мақтапты, кабинетіне сабынсыз кіріпті, туфлиін дұрыстап тұрып жылтырлатыпты! Осыны талқыламасақ, осыны айтпасақ, қазақтың күні қараң! Ақырзаман деген осы болар! Қазақтың күні қараң! Елім-ай! Қайран қазағым-ай! Абылайдың түсі-ай! Біттік, осымен, біттік!

Шынымен де ақырзаман деген осы ма? Менің ойымша, нағыз ақырзаман осы тақарыптарды күні-түні талқылап, тақырып қылып, айлар бойы езіп отырғанымыз! Өйткені, мыңдаған өзекті проблемасы бар елдің әншінің омырауы мен бишінің көйлегін талқылап отыруы нағыз бейшаралық, я көзсіздік, я ақымақтық, бәлкім көзсіз ақымақтық!

Мәселенің екінші де жағы бар. Журналистерімізге, редакторларымызға құлақ асатын болсақ, мәселені оқырмандар жағына қарай ығыстыратын сияқты. «Жазуын жазып жатырмыз, айтуын айтып жатырмыз! Үлкен, өзекті тақырыптарды алып, кәдімгідей еңбектеніп жазамыз, сайттарға саламыз, әрі кетсе, 100 адам оқиды. Есесіне аталмыш Алагөзова туралы кішкентай ғана дүниені салсақ, мыңдаған адам көріп, пікір жазып жатады. Бізге де нан табу керек, бізге де оқылым керек, оқырман керек, әйтпесе жарнама да жоқ, тапсырыс та жоқ» - деп жатады журналистер. Оларды да түсінуге болатын шығар. Олар да қазақтың баласы, оларға да күн көріп, бала-шаға асырау керек дейік. Дегенмен...

Жалпы алғанда, бүгінгі күннің басты мәселесінің бірі – орысша айтатын болсақ «чернуха». Орысша жазды деп ешкім өкпелемес, бұл сөздің қазақ тілінде баламасы да жоқ сияқты. Теледидарымыз, баспасөзімі, интернетіміз, әлеуметтік желіміздің барлығы дерлік «жұмақ» пен «тозақты» таңдап алған. «Жұмағы» - баспасөзге міндетті үгіт-насихат, президентті мақтау, оның сарабдал саясатын өле-өлгенше жыр қылу. «Тозағы» - жаңағы «жұлдыздарымыз», атып кетті, шауып кетті, зорлап кетті, тонап кетті. Өз басым криминалдық жаңалықтарды жазбау керек деп отырған жоқпын. Айту да, жазу да керек. Бірақ, қылмыстың, криминалдың да орны болуы керек қой! Осы «чернухадан» көз ашпаған 90-шы жылдарды да бастан өткердік. Тоқсаныншы жылдары дүниеге дұрыс баспасөз келіп, осы «чернуха» қаптап кетпегенде халық барша құқықтары мен арман-мұраттарын бүгінгі биліктің қолына көзсіз-ойсыз, сұраусыз ұстатып бермес пе еді? Кім білген? Сонымен қоректеніп өскен қоғамның моралдық және этикалық тұрғыдан жарымағанын, керемет бір дәрежеге жетпегенін бүгінгі қоғамнан-ақ айқын көруге болады емес пе? «Жұмақ» - жоғарыда, «тозақ» - төменде. Олардың ортасында күйбең тірлік жасап, аяғымен жер басып жүрген қазақ тақырып ретінде жоғалып бара жатыр.

Бұған не істеуге болады?

1. Қазақ баспасөзінің қазақ алдындағы миссиясын қалпына келтіру, сол миссияға адал болу.

Егер елдегі орыстілді баспасөз о бастан лениндік «партияның сөзін үгіттеуші, топ пен тапты ұйымдастырушы» ретінде дүниеге келіп, бүгін тек насихатшы, халықты ермекпен қамтушы, қамтамасыз етуші болатын болса, қазақ баспасөзі дүниеге ұлттық партия, ағартушы болып дүниеге келген жоқ па еді? Қазақтың тұңғыш төл газеті «Қазақ» газетінің алғашқы сандарының бірінде «Газет – халықтың үні, көзі һәм құлағы» деп Ақаң, ұлы Ахмет Байтұрсын атамыз мәңгілік бағдарламасын жазып кеткен жоқ па еді? Газеттің басты міндеті – есінен танып, көлденеңінен құлап жатқан халық деңгейіне түсіп, қасына шалқайып, төсек-көрпе салып жатып алу емес. Керісінше, газеттің басты міндеті – еңсесі түскен халықтың көңіліне медеу болу, рух беру, деңгейін көтеру. Жұрттың барлығы баян-байзақованы талқылап, төреғалиды жыр қылып жатыр екен деп көшті бастап кету түпкілікті миссияны сату, ұлттық мұратты аяқасты ету. Баян елден көшіп кетсе де, Төреғали буддаға табынып, монах болып, Тибет ауып кетсе да қазақ қалады, қазақтың проблемалары қалады. Қазақ баспасөзінің басты міндеті осылардың әр айтқан-істегенін тәптіштеп жазу емес, керісінше, жұрттың көңілін, назарын дұрыс арнаға бұру. Бәлкім, кеңес кезіндегідей үнді шәйі мен грузин шәйін араластырып сату да керек шығар, бірақ басты міндет оқырманның көзін ашу, оны ойлануға, ізденуге итермелеу, жалған тақырыптан шынайы күн тәртібіне қарай бұра білу. Соның жаңа, тың жолдарын табу, оқырманның эстетикасын, менталитетін ескере отырып жаңа форматтарды іздеу.

2. Орта жолға түсу, әлеуметтік оптимизм көздері мен негіздерін табу.

Шындап келетін болсақ, бүгінгі қазақ қоғамы «жұмақтан» да, «тозақтан» да шаршаған сыңайлы. Жоғары жақты өле-өшенше мақтағаннан да, билікті түп-тұқиянын қалдырмай боқтап-даттағаннан да шаршады. Монохромды, жалпақ өмір картинасы айналып келгенде қоғамды, көрерменді, оқырманды мезі қылып бітті. Ресми теледидар мен баспасөзден интернет алаңына көшкен қоғамды билік тағы да қуып жетіп, интернеттегі насихаты мен үгітін халықтың желкесінен шығарып жатыр.

«Жұмақ» пен «Тозақтың» орнын немен алмастыруға болады? Менің ойымша, олардың орнына шынайы, бұрмалаусыз өмір келуі керек. Қарапайым адамдардың болмысын ашатын, қарапайым елдімекендердің күнделікті күйбең тіршілігін көрсететін ақпарат керек. Сонымен қатар болашақты жоспарлау, жарқын болашақтың жолын ашатын, жұртқа бағдаршам болатын, түнек арасындаңы шамшырақ болатын тың ақпарат ауадай керек. Алдағы уақытта қоғамның іздейтіні «билік жұлдыздары», «өнер жұлдыздары», «қылмыс жұлдыздары» болмайды! Бүгінде қоғамға керегі қарапайым адам, күресіп жүрген, кәсібін адал атқарып, нәтижеге қол жеткізген, күнделікті өмірінде дұрыс таңдау жасап, жеңіске жетіп жүрген қоғам өкілі болмақ. Осы күрделі өмірде билікті құлай сүйгендер емес, билікті қаратүнек тудырып қарғаушы емес, аз да болса әлеуметтік, өмірлік оптимизм сыйлаған тұлғалар мен тақырыптар сұранысқа ие болуы қажет. Бұның өзі жаңа журналистиканы, жаңа журналистерді талап етеді. Себебі, я тек мақтауға машықтанған, я тек даттауға дайындалған журналистер мен баспасөз өмір шындығын жоғалта бастайды, өмірдің күрделілігін, саналуандығын, көптүрлігігін, көптүстілігін сезуден қалады.

3. Жаңа заманның жаңа батырлары мен символдары пайда болуы тиіс.

Жаңа жыл қарсаңында Аяз атаның шыршасына барған балаларымыз Голливуд насихаттаған образдарға сай киініп барды. Бірі – Спайдермен болды, бірі – Малифисента болды дегендей. Өзіміздің ұлттық эпосымыз бен ертегілеріміз дұрыс насихатталмағандықтан, олардың жұртқа үйреншікті образы, имиджі қалыптаспағандықтан шетелдік киім киюге мәжбүр болды. Алайда еліктейтін образ тек бүлдіршіндерге ғана қажет болмайды. Ересектерге, үлкендерге де еліктейтін, ара сүйейтін образдар ауадай қажет. Тіпті бәсекелестік үшін де, мұқалмай, шаршамай ғұмыр кешу үшін де адам біреуге еліктейді, сонымен жарысады, бәс таластырады.

Осы кезге дейінгі мемлекеттік ақпарат құралдары, мемтапсырыс жасақтаған барша образдар мен замана батырлары түгел дерлік инфлияцияға душар болды. Мемлекеттің өзі, мемлекетке қатысы барлықтың өзі мақтаныштан гөрі ұят, сенімнен гөрі сезік, үміттен гөрі күдік тудырып жатырған заманда қазақ баспасөзінің басты міндеті жаңа образдар мен символдарды өткеннен ғана іздей бермей, бүгіннен іздеп, бүгіннен тауып, оқырман-көрерменге паш еткені керек. Бүгінгінің басты геройы – кешегінің батыры не ханы ғана емес! Дұрыс, ақыл-есін сақтаған, потенциалын дамытқысы келген қоғам үшін замандас-заманауи батырлар, еліктейтін образдар, кейіпкерлер керек. Мысалы, өз қызметін адал атқарған мұғалім мен дәрігер, кәсіби маман, ұрлықсыз, парасыз бизнес жасап, жаңа еңбек орнын құрып жүрген шағын және орта отандық кәсіпкер, жаңалық ашып, өмірдік қиындығына, бюджеттің тапшылығына қарамай жұмыс істеп жүрген ғалым, отандық және әлемдік конкурстарда, ғылыми олимпиадаларда жеңіске жеткен бүлдіршіндеріміз. Осылардың барлығы да бізді «жұмақ» пен «тозақ» арасындағы таңдаусыз таңдаудан, ақ пен қараның монохромдығынан алып қала алатын тұлғалар. Бұл билік жасаған «Жаңа жүз есім» жобасы да емес. Бұл насихаттауға шын лайықты, өмір шындығынан айрылмаған, есінен жаңылмаған, бағытынан таймаған адамдарымыз бен азаматтарымыз туралы шынайы, бүкпесіз, асып-төгусіз, ашып-шашусыз жаңа журналистика мен жаңа публицистикалық тілді қажет ететін жұмыс.

Біздің еліміз тарихи уақыты тар, кең-байтақ жері бар, ұшы-қиыры жоқ кеңістік. Бұндай жерді игеру үшін, уақыт пен кеңістіктің инерциясы мен инфляциясына, қысымы мен энтропиясына төтеп беру үшін екі нәрсе ауадай керек: бірі – сенім, екіншісі – үміт. Бұларды бүгінгі билік пен билік құрған үгіт-насихат жүйесі қоғамға бере алмайды. Жарылып кетсе де шыны осы. Жаңа заманды, жаңа Қазақстанды жасайтын, жасақтайтын билік те емес, өзін нағыз оппозициямыз деп жүрген әблязовшыл топтар да емес, жер бетінде жаңа халифат құрамыз деп үміттенген әсіре діншілдер де емес. Жоғарыда айтылған патриот кәсіпкерлер, кәсіби мамандар, аумалы-төкпелі заманда салқынқанды ой-зердесін, өзіндік пікірі мен прагматикалық ақыл-есін сақтаған, былыққа батпаған, жалғаннан шаршаған, үмітін үзбеген, арманына адал мыңдаған, миллиондаған қазақ азаматтары. Олар партия бастамас, қозғалыс құрмас, билікке таласпас. Бірақ, ұлттық экономиканы және әлеуметтік ортаны жасайтын осылар. Осылардан басқа ешкім жасай алмайды. Басқаша айтсақ, айта-айта жауыр болған орта тап, ұлттық буржуазия, шынайы интеллигенция, зиянсыз зиялылар. Қазақ баспасөзі осыларды насихаттап, осылардың сөзін айтып, осыларға әлеуметтік оптимизм, тарихи оптимизм сыйлай білуі міндет. Осы тапты, осы топты аман алып қалсақ, ел басына күн туған кезде олар да елді аман алып қала алады. Осыларға қызмет қыла білейік!

Айдос Сарым,

"Жас Алаш" газеті