13 мау, 2017 сағат 21:36

Айдос Сарым. Қазақ пен қазақ көшінің бес мәселесі

Бірнеше күннен кейін Астана қаласында V Дүниежүзілік қазақ құрылтайы өтеді. Әлем қазақтарының басты форумына төрткіл дүниенің 38 мемлекетінен келген ағайын жиналып, ұлт мәселесін талқыламақ. Басты мәселе, сөзсіз, қазақ көшін жандандыру, қазақ диаспорасына қолдау көрсетудің тың жолдарын іздеу болмақ. Алыстағы ағайынның басқосуы қашанда ұлы той. Алайда осы алқалы жиын тек той-думан қуып, ЭКСПО шарлап, жиын тақырыбын ұмытып кетпесе екен деп тілейміз. Себебі қазақ этносы мен ұлты алдында тұрған көптеген кешенді мәселе бар. Соларды назардан шығарып алмасақ екен.

БІРІНШІ МӘСЕЛЕ: ШЫНАЙЫ БАҒА БЕРУ, АЛДАМАУ, АЛДАНБАУ

Мұратқа адал болу, мақсатқа жету қашанда шыншылдықты, шынайылықты талап етеді. Тек шынайы анализ, шынайы баға, шынайы болжау ғана істі алға жетелейді. Бұл – айқайлаған ақиқат, аңқылдаған аксиома. Осымыз рас десек, сонау 1992 жылғы тұңғыш қазақ құрылтайынан бастап, 2002, 2005, 2011 жылдары өткізілген әрбір құрылтайда айтылған сөздер, алынған міндеттемелер сараланып, ой елегінен өткізілгені абзал. Мемлекет не деді, нендей уәде берді? Қазақ диаспорасының өкілдері нені қажет етті, неге серт берді? Осының қаншасы, қанша пайызы іске асып, қаншасы сөз күйінде, қағаз жүзінде қалып қойды? Дұрысы – мемлекет тарапынан бір адам, диаспора жағынан бір адам шығып, жиналған жұртқа осы жайында анық, ашық жауап беруі міндет.

ЕКІНШІ МӘСЕЛЕ: ҚАЗАҚ САНЫ

Біз осы қаншамыз? Елдегі қазақ саны туралы жақсы болсын, жаман болсын дерегіміз бар. Алдағы күндері 18 миллионға толатын Қазақстан тұрғындарының 71 пайызы қазақ деуге жеттік. Яғни атамекенде 12,7 миллион қазақ тұрып жатыр деген сөз. Ал шетте жүрген қазақтың саны қанша? Бір деректе 4 миллион, екінші бір деректе 5 миллион деп жатады. Кейде көңілденіп, шаттанып, әлемде шамамен 6-7 миллион қазақ бар-ау деп те қалатын ағайын жоқ емес. Бірақ бізге сөз керек пе, көш керек пе? Бізге көңіл тоқтығы керек пе, әлде ел мен жердің тұтастығы керек пе? Егер соңғысы дер болсақ, онда қазақ саны ойыншық емес. Саяси-экономикалық маңызы бар, болашақты бағдарлауға, көшті жоспарлауға ауадай қажетті ғылыми дерек. Олай болса, сыртқы істер, мәдениет, ұлттық экономика министрліктері тиісті құзырлы органдармен бірігіп, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен қоян-қолтық жұмыс істей отырып осы сұраққа нақты жауап беруі тиіс. Бәлкім, осы құрылтайда қазақ диаспорасының демографиялық мәселелерін зерттейтін, осы төңіректе ізденетін арнайы орталық ашу мәселесін қозғауы тиіс шығар.

ҮШІНШІ МӘСЕЛЕ: ҚАЗАҚ ДИАСПОРАСЫНЫҢ КӨҢІЛ КҮЙІ, ХАЛ-АХУАЛЫ

Әлемде тұрып жатқан қазақтың барлығы сол елдерге алабөтен емес. Көбісі өз ата-бабасының жерінде, қонысында тұрады. Әсіресе Қытай, Ресей, Моңғолия, Өзбекстанда тіршілік жасап жатқан қазақтарға бәрін тастап, атамекенге көш деудің өзі қиын дүние. Егер қазақ тілі, ділі, мәдениеті, тарихы, болмысы, мұраты тек қана қазаққа керек, олардың іске асып, гүлденетін жері тек қана Қазақстан деп ұғар болсақ, онда осы қалың қазақтың бәрі болмаса да, көбісі түптің түбінде елге оралары анық. Оның үстіне тарыдай шашылған қалың қазақ тұрып жатқан елдерде не боларын, саяси үдерістердің қалай өрбитінін болжау қиын. Анығы – жоғарыда аталған елдерде қазақтың қазақ болып қалуына деген асқан құлшыныс пен шын ниет жоқ деп айтсақ артық кетпейміз. Керісінше, қазақты қытай, өзбек, орыс ету деген, ассимиляциялау деген саясат жүргізіліп жатқанын естіп те, біліп те жатырмыз. Бәрі емес, қазір емес, бірақ болашақта сол қазақтың біразы атамекенге оралады, оралуы тиіс.

Жалпы алғанда, адам психологиясы, болмысы, санасы аса қызық дүние ғой. Бүгін бар бір атым насыбай көңіл ертең өзгереді де кетеді. Бүгін елге қайту ниеті ертең-ақ жоқ болады. Бүгін тұрып жатқан елге деген патриотизм ертең-ақ «қайтсем де кетем» деп те өзгеріп жатады. Есесіне келем деген қазаққа жағдай жасау, қарсы алу, қоныстандыру тек көңілдің ғана шаруасы емес, ниеттің ғана лажы емес, үлкен саяси-экономикалық, әлеуметтік астары бар, көп қаржыны талап ететін дүние. Біз қазақ көші мәселесінде көңіл күй, реніш-қайғы миграциясына емес, стратегиялық бағдары, тетігі, жоспары бар миграцияға ұмтылуымыз қажет. Олай болса, ертеңнен бастап қазақ тұрып жатқан елдердегі жай-күй, хал-ахуалды сырттай ғана зерттеп қоймай, керісінше, сол елдерге барып, жұрт арасында сауалнама жүргізіп, қандастарымыздың тамырын басып отыруымыз міндет. Ол үшін мемлекеттік органдар арнайы қаражат қарастырып, еліміздегі гуманитарлық институттардың біріне осы мәселе басты бағыттардың бірі ретінде табыстауы қажет. Оның нәтижелері әлсін-әлсін баспасөзде жарияланып, тиісті органдардың жұмысында пайдалануы тиіс. Осының нәтижесінде жалпы қоғам: «Қай елден қанша қазақтың көшу ниеті бар?», «Олардың көшуіне не кедергі?», «Көшіп келушілерге қандай көмек керек?», «Көшіп келушілер елдегі көші-қон заңынан хабардар ма?», «Көшем деушілер қай облыстарға көшкісі бар?» деген сияқты көптеген өзекті сұрақтарға бұлтартпас жауап алуы керек. Сонда ғана қазақ көшін болжап, бағдарлап, жоспарлап, ертеңгі күні өзіміз де, өзге де жерге қарап, ұялатын жайттардан аулақ боламыз.

ТӨРТІНШІ МӘСЕЛЕ: ДИАСПОРАНЫ ҚОЛДАУ

Шеттегі қазақ елге көшсін-көшпесін оларды саяси-дипломатиялық жолдармен қолдау көрсету, экономикалық қарым-қатынас орнату, адами, ақпараттық және мәдени көмек беру – Қазақ ұлттық мемлекетінің міндеті, борышы, парызы. Бұл да аксиома.

Егер қазақтар тұрып жатқан елдердегі диаспорамызға көзқарас дұрыс болса, онда оны еселей түсу қажет. Ал егер, керісінше, оларға қысым жасалып жатса, адами, этникалық құқықтары тапталып жатса, мемлекет және ұлт дәрежесінде алаңдаушылығымызды білдіру, әрекет ету елде жүрген біздің бәрімізге сын.

Қазақ этносы – бөлінген этнос. Діліміз, тіліміз, дініміз бір десек те, арада тек қана мемлекеттік шекара емес, басқа да шектеулер жоқ емес. Мысалы, алдағы уақытта матрицалық, ядролық қазақ латын қарпіне өтейін деп жатыр. Осы жағдайдың өзі диаспорамен белсенді жұмысты талап етеді. Диаспора ел ішіндегі бар жағдай туралы хабардар болуы керек. Ертең қазақ мемлекеті жаңа әліпбиге өткен кезде диаспора аңырап қалмауы міндет. Диаспора ішінде де қажетті жұмыс жүргізіліп, шеттегі қазақтар іштегі қазақтың жаңалығынан ажырап қалмағаны керек бізге. Қазақ мектебі бар, қазақ мәдениетінің ошақтары сақталған барша жерге жаңа әліпбидегі кітап, газет, журналдарды жеткізу, ақпараттық және әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ету осы үлкен жұмыстың мызғымас бөлігіне айналуы тиіс.

Диаспора арасында тиісті зерттеулер жүргізілгеннен кейін, қанша адамның көшуге ниет-ықтияры бар екенін білгеннен кейін істелетін жұмыстың бірі – оралушы ниет білдіруші куәлігін беру (оралман емес). Оралуға ниеттілердің арасында мемлекет заңдарын түсіндіру, елдегі жағдайды ұғындыру бергі жақта емес, арғы жақта басталуы тиіс. Бұл тұрғыдан қарасақ, біздің диаспора мен қауымдастықтың жұмысы мардымсыз. Егер мемлекеттің осы мәселеге дәті жетпесе, бәлкім, осындай куәліктерді жасауды қауымдастық өз мойнына алуы шарт еді. Егер осы шаруа іске асса, онда мемлекеттің де жұмысы жеңілдер еді деп санаймын. Мысалы, Моңғолияда тұрып жатқан осындай отбасы шамамен бес жылдан кейін көшуге ниетті деген дерек болса, көш мәселесі жеңілдей түсері анық емес пе? Немесе Ресейдің осы облысынан осыншама отбасы, оның ішінде осыншасы өз қаржысымен, осыншасы көмекке мұқтаж деген дерек болса, кімге жаман болар еді? Миграция, көші-қон ермек емес. Керісінше, баршаның тарапынан барынша тереңдікті, ұйымшылдықты, әрекетшілдікті талап ететін дүние.

БЕСІНШІ МӘСЕЛЕ: ДИАСПОРАНЫ ҚОРЛАТПАУ

Шынын айту керек, елімізде, орыстілді ортаны айтпаған күннің өзінде, қазақтілді ортада қазақ көшіне деген дұрыс, орнықты көзқарасты әлі қалыптастыра алмай отырмыз. Келген ағайынды, қандасты «қытай», «өзбек», «моңғол» дейтініміз, одан қалса, «қашқын», «босқын», «надан», «білімі жоқ» деп кінә тағуымыз рухани және адами кещелік. Сталин заманында немісті, кәрісті күрдті бауырына басып аман алып қалған, кеңдік пен бауырмалдық танытқан қазақтың өз қандасына деген осы мінездерін өз басым түсінбеймін, түсінгім де келмейді. Адамшылыққа, қазақшылыққа жат нәрсе, жат мінез, жат қылық. Қазақ қауымы өз ағайынын орыстілді қауымның қысымы мен кекесінінен қорғай алмай келеді. Тіпті соларға қосылып табалайтынын қайтесің кейде? Қазақ көшіне қарсы тұру, оны қаралау – қазақ ұлтына қарсы шығу, оның түпкілікті мақсат-міндетін ұқпау, ұғынбау. Бүгінде орыстілді қауымның қазақ көшіне қарсы шығуының себебі түсінікті: қазақ көбейсе, дәурені өтеді, тілдік және мәдени орта өзгереді, үйреншікті статусынан таяды. Бірақ шындап келсе, қазақ көші дегеніміз – экономикалық әлеует, демографиялық өсім, жұмыс көші емес пе? Осындай қисындарды орыстілді аудиторияға жеткізе алмай келеміз. Сендерге маңыздысы не: көкірек пе, өсім бе, тұралау ма, өркендеу ме дегендей батыл әңгіме, дәйекті деректі солардың тілі мен түсінігінде жеткізе айта алмай жатамыз, дискуссиядан қашамыз.

Шынын айтайық, қазақты мүсіркейтін, жақсы көретін, соңғысымен бөлісетін әлемде ешбір ел, ешбір ұлт жоқ, жоқтың қасы. Әрбір ұлт ең алдымен өз мәселесін шешуге тырысады. Әрбір ұлт мемлекеттік эгоизмге басымдық береді. Алдымен өзін жарылқайды. Оған ренжудің қажеті жоқ, содан үйренуіміз қажет. Егер болашақта қазақ санын арттырамыз, жыртығымызды жамаймыз, іргемізді бекітеміз десек, онда санымызды толтыратын, жоғымызды түгендейтін бір ғана сыртқы ресурсымыз бар. Ол – қазақ диаспорасы. Қазақ диаспорасын елге «келсең кел, келмесең бадал» деген қағидатпен емес, «сен де қазақсың, сенің Отаның бар, қолыңнан келсе Отаныңа қол ұшын бер» деген қағидатпен келтіру қажет. «Арқаға көш, Алаш!» деп ұрандаймыз. Ал осы Арқамыздың жұртшылығы сырттағы түгіл, іштегі қазақты қабылдауға, құшағына басуға құлық таныта бермейді. Осыны қайтеміз? Осыған қандай айла-әрекет жасауға болады? Бұл үлкен мәселе.

Қысқасы, осы. Айта берсе, әрине, әңгіме табылады. Менің ойымша, құрылтайда кемі осы бес мәселе ашық айтылып, талқылануы тиіс. Сонда ғана біз өз мақсатымыз бен ойымызға жетеміз.

Айдос САРЫМ, саясаттанушы

"Жас Алаш" газеті