Almaty Arena спорт кешенінде өткен бокс кешінде отандасымыз Айдос Ербосынұлы WBA International чемпионы атанды. Осылайша ол WBO Global, WBC Asia және WBA International белбеулерін иеленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Үш белбеу сарапқа салынған жекпе-жекте Айдосқа «Талқандаушы» (Demolisher) деген атпен танылған намибиялық боксшы Лукас Ндафолума (15-1, 6 КО) қарсылас болған еді. Алғашқы раунд қарсыластардың аңдыса соққы жұмсауымен басталғанымен, соңына таман Айдос шабуылды күшейтіп, соққыларын дарыта алды. Екінші раунд алма-кезек соққы алмасумен жалғасты. Үшінші раундта боксшылар тең дәрежеде өнер көрсетті. Шабуылда қорғанып, қорғана жүріп жұдырықтасты да. Өкінішке қарай раунд соңында Айдостың сол жақ қабағы жарылып, қан саулады. Абырой болғанда, үзіліс кезінде Айдостың бапкерлері қанды тоқтатты.
Осыдан кейін қазақ боксшысы ашық айқасқа көшіп, қорғанысты ұмытты. Соның салдарынан қарсыласының бірнеше соққысын дөп тиді. Бесінші раундта тізгінді қайта қолға алған Айдос қарсыласының бауырынан, бүйірінен дәл соққыларын дарыта алды. Мұнан кейінгі раундтар да барынша тартысты өтті. Боксшылар ашық айқасқа шығып, бір-біріне дәл соққылар жұмсай алды. Дегенмен 10 раундтың қорытындысында төрешілер шешімімен Айдос жеңіске жетті.
Жеңімпазды марапаттау салтанатында шаршы алаңға көтерілген Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек: «Қазақтың батырлары мәңгі болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, осындай жеңістеріміз көп болсын. Қазақстанның көк байрағы желбірей берсін!»,- деген тілегін жеткізді.
Ал Айдос Ербосынұлы бүгінгі жеңісін ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамына арнайтынын атап өтті.
«Сіздердің нағыз жанкүйер болғандарыңызды рингте сезіндім. Ол маған күш-қуат берді. Жекпе-жек қиындау болды. Өйткені қарсыласым - 16 жекпе-жектің біреуінде ғана жеңілген тәжірибелі спортшы», - деді WBA International чемпионы.
Еске сала кетейік, Мәскеудің «Крылья Советов» спорт кешенінде өткізген соңғы жекпе-жегінде Айдос бельгиялық Илиас Ачергуиді (12-4-1, 6 КО) жеңіп, WBO Global белбеуін иеленген болатын.