Фото: gov.kz
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Жамбыл облысы фермерлерінің наразылық акциясына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
«Үкімет резервінен 392 шаруашылықтың шығынын өтеу үшін 3,7 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда оның 1,7 млрд теңгесі игеріліп, 246 шаруашылық қаражаттарын алды. Наразылыққа шыққандарға қатысты айтар болсақ, олардың құжаттарында қателіктер бар. Сондықтан да олар қазіргі уақытта қаражаттарын ала алмай отыр. Егер олар барлық қателіктерін жоятын болса, онда еш кедергісіз алады. Тізімде 392 шаруашылық бар. Әлі де 2 млрд теңгені игеру қажет. Тіпті осы қаражатты игере аламыз ба, жоқ па деп алаңдап отырмыз», - деді Ауыл шаруашылығы министрі Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында.
Айдарбек Сапаровтың нақтылай түсуінше, өңірдің бірқатар фермері өтемақы алуға ұсынған құжаттарындағы деректер сәйкес келмейді. Сонымен қатар қате толтырылған құжаттар да бар.
Бұған дейін ақпарат құралы биыл Жамбыл облысының 6 ауданы құрғақшылықтан зардап шеккенін, өңірде төтенше жағдай жарияланғанын жазған еді. Осыдан кейін фермерлердің шығынын өтеу үшін өтемақы төленуі тиіс болатын. Алайда таяуда өңір фермерлері наразылық танытып, қаражаттарын әлі алмағанын айтып дабыл қаққан-ды.