12 там, 2020 сағат 11:55

Аягөз балалар орталығында бірқатар шаралар қабылданды - министрлік

Аягөздегі балалар орталығында жүргізген тексерудің нәтижелері жарияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазақстандағы медициналық-әлеуметтік мекемелерде көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту мақсатында жұмыс тәсілдері өзгеруде. Оның ішінде биылғы жылдың сәуір айында елді дүрліктірген оқиға орын алған Аягөз балаларға арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында бірқатар шаралар қабылданды. МӘМ жұмысын жақсарту тетіктері, әлеуметтік жұмыстың басым бағыттары ведомствоаралық кеңестің отырысында талқыланды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукеновтің төрағалығымен өткен шараға Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат, Президент Әкімшілігінің өкілдері, Мәжіліс депутаттары, бейінді мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, Бала құқықтары жөніндегі омбудсмен, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты», делінген хабарламада. 

Кездесу барысында Президент Әкімшілігі мен Үкімет комиссиялары Аягөз орталығында жүргізген тексерудің нәтижелері жарияланды. Тексеру нәтижелері орталықта арнайы әлеуметтік қызметтерді көрсету стандарттарының толық сақталуы бөлігінде бірқатар заңбұзушылықтар болғанын және де мекеме басшылығы тарапынан бұл бағытта тиісті бақылау жасалмағанын көрсетті.

Медициналық сараптама балалар ауруханада негізгі және қатар жүретін аурулардың, соның ішінде ауыр туа біткен патологиялардың салдарынан қайтыс болды деген қорытындыны айқындады. 

Шығыс Қазақстан облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаевтың айтуынша, әкімдік заңбұзушылықтарды жою үшін шұғыл шаралар қабылдаған. 

«2 ғимаратты жөндеуге, балалар алаңдарын абаттандыруға 139,5 млн теңге бөлінді. Емдеу-денешынықтыру үшін тренажер, көпфункционалды кереуеттерді сатып алуға, «бұлтты» сақтауы бар бейнекамера орнатуға қосымша 46,9 млн теңге қосымша қарастырылған. Орталық қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға 3,5 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар, қазіргі уақытта орталықта тағы бір тұрғын жай құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы жасалуда. Жаңа ғимарат лифтімен, паллиативті топ үшін ұйықтайтын бөлме, медициналық бекет, ойын бөлмесі және асханамен жабдықталады. Ескі корпуста алаңдарды босатуға байланысты қосымша кабинеттер мен залдар (ЕДШ, спортзал және т.б.) орналастырылады», делінген хабарламада.

Сондай-ақ, мекемеде кадрлық өзгерістер болды. Орталықта директор мен медициналық бөлімше меңгерушісі қызметінен босатылды. Директор қызметіне 20 жылдық тәжірибесі бар, бұрын облыстың бас педиатры қызметін атқарған педиатр дәрігер Шолпан Мақашева тағайындалды. 

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы орталықпен жұмыс бөлімінің бастығы тәртіптік жауапкершілікке тартылып, Аягөз ауруханасының бас педиатрына қатаң сөгіс жарияланды. Орталық құрамында госпиталь эпидемиологы штаты ашылды.

Еңбекмині Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің түйткілді мәселелерді шешуге сапалы тұрғыда күш салғанын атап өтті.

Еске сала кетсек, мамыр айында Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласындағы арнайы әлеуметтік көмек орталығының 4 тәрбиеленушісі көз жұмды. 

Осыған байланысты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 113 медициналық-әлеуметтік мекемеге жіті тексеру жүргізетінін жариялады. Оның ішінде Аягөздегі балаларға арналған арнайы әлеуметтік көмек орталығы бар.