19 жел, 2022 сағат 18:31

Австрия Ресей дипломатының ұлын тыңшылық жасады деп ұстаған


Сурет: tafsilar.info

Ресей дипломатының Грекия азаматтығын алған ұлын Австрия ішкі істер министрлігінің арнаулы қызметі Вена қаласында ұстаған. Мемлекеттік қауіпсіздік басқармасы оны Ресейдің әскери барлауы үшін тыңшылық жасады деп есептейді. Министрлік есебімен танысқан Автрия баспасөзі Ресей дипломатының ұлы бес жылға дейін сотталуы мүмкін деп хабарлады.

39-жастағы грек азаматы 24 наурызда Вена шетіндегі аудандағы пәтерінде қамауға алынған. "Аса қауіпті күдіктіні" арнаулы қызметтің екі тобы жұмылдырылған. Оның пәтерінен тыңдағыш құрылғы детекторы, құпия камера, минаны залалсыздандыру кезінде киетін сапер киімі табылған, - дейді Kurier газеті.

Вена тергеушілері күдікті ақпарат жіберу үшін пайдалануы мүмкін құпия орындарды тапқан. Сәуірде Австрия Ресейдің Венадағы елшілігінің үш қызметкерін және Зальцбургтегі консулдық қызметкерін елден шығарып жіберген. Оларды дипломат жұмысына қатысы жоқ жұмыстарымен шұғылданды деп айыптаған.

Күдіктіге Ресейдің Украинаға басып кіргеніне Австрияның реакциясы қандай болатынын білу тапсырылған болуы мүмкін. Күдікті Ресей Украинаға басып кірерден бұрын, ақпанда Ресейге барып келген. Кейінгі төрт жылда Мәскеу, Минск және Тбилисге 65 рет барған.

Тұтқындалған азамат түрлі елдердің барлау қызметкерлерімен және дипломаттарымен байланыс орнатқан. Оның әкесі де Ресей барлауымен байланысты болуы мүмкін. Ол Ресейдің Германия мен Австриядағы дипломаты болған.

"Вена халықаралық шпионаж орталығы ретінде танымал" деп жазады Kronen Zeitung. Австрия мемлекеттік қауіпсіздік басқармасының есебінше, Венада шетелдің жеті мыңнан астам агенті болуы мүмкін.

"Күдікті Австриядан әлеуметтік төлем алған" деп жазады Express. Сондай-ақ, Ресей мен Грекиядан жылжымайтын мүлік сатып алған. Ол тергеумен келісімге келуден бас тартқан, өзіне тағылған айыпты мойындамаған және сотқа дейін босатылған.


Азаттық


Copyright (c) 2013. RFE/RL, Inc. Reprinted with the permission of Radio Free Europe/Radio Liberty, 1201 Connecticut Ave., N.W. Washington DC 20036.