Facebook әлеуметтік желісінің Австралияда тұратын қолданушылары жаңалықтардан ажырап қалды.
18 ақпаннан бастап Австралия аумағынан бұқаралық ақпарат құралдарының хабарларын қарауға және жаңалықтарға сілтеме жариялауға болмайды. Барлық БАҚ хабарлары әлеуметтік желіден жойылды, - деп хабарлады Reuters.
Австралия билігінің интернет алпауыттарды жарнамадан түскен қаржыны олардың платформасында жаңалықтар жариялаған бұқаралық ақпарат құралдарымен бөлісуге міндеттеу ниеті Facebook әкімшілігін осындай шешім қабылдауға итермеледі. Бұған дейін Google корпорациясы да егер әлгі заң қабылданатын болса, өз іздеу жүйесін Австралия аумағынан кіре алмайтындай етіп бұғаттап тастайтынын мәлімдеген.
Австралия билігі Google-ге "мұның дұрыс емес" деп жауап берді.
"Ондай іс-әрекет ірі технологиялық компаниялардың өздерін үкіметтен де жоғары қойып, сондықтан бізге ондай заң жүрмейді деп ойлайтыны жайлы көп елдің көңілін күпті еткен күмәнді растайды" деп мәлімдеді Австралия премьер-министрі Скот Моррисон.
Денсаулық сақтау министрі Грег Хант әлеуметтік желілердің шектеу туралы шешімінен кейін қателесіп кейбір мемлекеттік қызметтер мен қоғамдық ұйымдардың да сайттары бұғатталып қалғаны өзін "қатты шошытқанын" айтты.