21 қаз, 2016 сағат 12:47

Ауыз майлайтын бағдарлама

Су – тiршiлiктiң көзi. Сусыз ешкiм өмiр сүре алмайды. Сондықтан халық ауыз сумен 100 пайыз қамтылуы тиiс. Бiздiң елде осы мүдденi көздейтiн тәп-тәуiр, аты жақсы “Ақ бұ­лақ” бағдарламасы бар. Бiрақ баяғы серiлер заманындағыдай “Айналайын Ақ бұлақ, асып-тасып жатасың” (Сегiз серi) дей­тiндей деңгейде емес. Өйткенi бiздiң елде асып-тасып жатқан ауыз су жоқ. Қазақстанның қай қиырына барсаң да су тапшы. Соңғы кездерi суы жоқ ауылдардан халық үдере көшiп жат­қаны да жасырын емес. Сапасыз, борсыған су­ды мiсе тұтып отырған елдiме­кен­дер қаншама. Күнi кеше Б.Сағынтаев үкi­метi осы “Ақ бұлақ” бағдарламасының жай-күйiне тағы бiр жиын арнады. Қателеспесек, жылына екi-үш басқосуда осы “Ақ бұлақ” туралы айтылып, мәселе қозғалып жатады. Бiрақ одан шығып жатқан қорытынды аздау. Себебi әлеуметтiң әле­уе­тiн арттыратын бағдарламаның орындалу барысында бы­лық-шылық өте көп. Өйткенi оған бюджеттен миллиардтаған қаржы бөлiнедi. Ал ақша жүрген жерде... аузын майлағысы келетiндер аз болмайтыны айдай анық.

Бiздегi жағдай былай: бюджеттен қаржы қарастырылғаннан кейiн атын ел бiлмек түгiлi естiмеген әлдеқандай бiр компания келедi де, жердi қазып кетедi. Қазылған жер ала жаздай жай жатады. Суық түсiп, жер қатқақтана бастағанда сала құлаш құбырлар пайда болады. Олар да қар түскенше теңкиiп-теңкиiп жатады. Арада тағы бiр-екi ай өткенде әупiрiм­мен жерге төселедi. Одан қыспен жарысып көше бойына су (колонка) тартылады. Бiр қы­зығы, кейбiр ауылдарда қал­қиып-қалқиып шойын құлақтар тұрғанымен, одан бiр тамшы су тамбайды. Осы кезде жүйкесi сыр берген халық улап-шулап әкiмдi iздей бастайды. Ал әкiм болса, бар кiнәнi әу баста әлгi жердi қазып кеткен компанияға жаба салады. Одан бәрi жабылып сол компанияны шарқ ұра iздейдi. Өкiнiшке қарай, таппайды. Зым-зия жоғалып ке­тедi және жай кетпей, бюджет қаржысын қарпып кетедi. Әрине, барлық жерде жаппай осындай көрiнiс деуге келе қоймас, дегенмен көпшiлiк жағдайда осылай болатынына шүбә келтiре алмайсыз.

Өзiм тұратын Алматы облысының Талғар ауданында мынадай бiр жағдай болды. 2003 жылы осы ауданға көшiп бардық. Бiрден су есептегiш қоймағандықтан белгiленген тариф бойынша жылына суға 20 мың теңгеге дейiн ақша төлеймiз. Ал есептегiшi барлар айына 100-200 теңге төлеп жүрдi. Содан бiр күнi жергiлiктi су шаруашылығына бардым. “Мұндай тариф­тердi қайдан алдыңыздар? 20 мың теңгенiң суын пайдаланбасам неге сонша ақша төлеуiм керек?”, – деген сауал тастадым. Ондағы мамандар: “малыңыз бар шығар, бау-бақша суарасыз, соны есептедiк”, – дейдi. “Бағып отырған малым да жоқ, бау-бақшаны суаратын арықсу бар”, – деп менде тә­жiкелесемiн. Содан су есеп­тегiшiн қойып, көзiмiз ашылды. Әйтпесе, ауадан құралған қымбат тариф арқылы әлдекiм­дердiң қалтасын күнi бүгiнге дейiн қампайтып отырар ма едiк, қайтер едiк. Айтпақшы, ауылда зәулiм-зәулiм екi үй салып жатқан сол су шаруашылығының басшысы кейiн жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Ұзын­құлақ: “суға бөлiнген ақшаны жеп қойып, онысы әшкере боп қалған екен” дестi. Мұны ендi бiр Құдай бiледi, бiрақ осындай оқиғалар ел iшiнде аз емес.

Осы “Ақ бұлақ” бағдарламасына сәйкес, орталықтан­дырыл­ған су жүйесiне қосылатын елдiмекен легi 41 пайыздан 80 пайызға, ал қала атаулы 100 пайызға жетуi тиiс. Ең алдымен сумен қамту мәселесi аудан орталықтарында шешiмiн тапса, одан кейiн тұратын халық санына қарай шалғай ауылдар үшiн қолжетiмдi болады. Бағдарламаны жүзеге асыру екi кезеңдi қамтиды: бiрi 2011-1015 жылдар­ға арналса, екiншiсi – 2015-2020 жылдарды қамтиды. Демек, бiз қазiр екiншi кезеңдi өткiзiп жатырмыз. Бiрiншi кезең басталған жылы (2011) бұл бағдарламаға бюджеттен 335 миллиард теңге бөлiнген. Сол жылы ауылдарда орталықтандырылған су жүйесiне қосылу көр­сеткiшi 42,5 пайыздан 50 пайызға көтерiлсе, қалаларда 82 пайыздан 86 пайызға өсiптi.

2012 жылғы көрсеткiштерге қарағанда, елiмiз бойынша орталықтандырылған су жүйесiне қалалықтардың 84 пайызы, ауылдықтардың 43 пайызы қосылған. Су тарту iсi қалаларда 75 пайыз болса, ауылдарда 9-ақ пайызды құрапты. Демек, ауыл атаулыға су тарту iсi өте баяу жүредi. Одан бергi 3-4 жыл iшiнде де көрсеткiштiң қарқын алып кетпегенiн iшiмiз сезедi. Кешегi өткен үкiмет жиынында Инвестициялар және даму министрi Жеңiс Қасымбек елдi мекендердi сумен қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан жұмыстар туралы айтты. Анығында, елдi мекендердi жерасты сулары қорлары арқылы қамтамасыз ету үшiн iздеу-барлау жұмыстары жүргiзiлiп жатқанын хабарлады. 2002-2010 жылдарға арналған “Ауыз су” бағдарламасы аясында 576 ауылға iздеу-барлау жұмыстары жүргiзiлiптi.

“2012-2015 жылдары 1 301 ауылға iздеу-барлау жұмыстары жүргiзiлдi. Бұған қоса, пайдалану мерзiмiнiң аяқталуына байланысты 105 су көзiне қор (запас) қайта бекiтiлдi. 2016 жылы 480 ауылдағы жұмыстар аяқталып, 35 су көзiнiң қоры қайта бекiтiледi. Жергiлiктi атқарушы органдар жұмыстарды аяқтаған соң Инвестициялар және даму министрлiгiне жерас­ты суларының қорларын бекiту үшiн есеп беретiн болады. 2017 жылдан бастап iздеу-барлау жұмыстарын жүргiзуге қажеттi қаражат жалпы сипаттағы трансферт түрiнде тiкелей жергiлiктi атқарушы органдарға жiберiледi”, – дедi министр.

Осы жиында Ұлттық экономика министрi Қуандық Бишiмбаев халықтың орталықтандырылған сумен қамтуға қолжетiмдiлiгiн арттыру бойынша “Ақ бұлақ” бағдарламасын жүзеге асыру нәтижелерi туралы айтты.

“2011-2015 жылдар аралығында “Ақ бұлақ” бағдарламасының жүзеге асырылу кезеңiнде халықтың орталықтандырылған сумен қамтылуға қолжетiмдiлiгi қалаларда 87 пайызға дейiн, орталықтандырылған су бұруға қолжетiмдiлiгi 82 пайызға дейiн артты. Бағдарлама аясында қалалар мен ауылдарда сумен қамту iсiнде және су тарту (бұру) салаларында 1 493 жоба жүзеге асырылды”, – деп мәлiмдедi министр.

Ол сондай-ақ биыл “Нұрлы жол” мемлекеттiк бағдарламасы және Өңiрлердi дамыту бағдарламасы бойынша 75 жобаны жүзеге асыру үшiн 62,1 млрд теңге бөлiнгенiн, 2017 жылы 153 жобаны жүзеге асыруға 53 млрд теңге қарастырылғанын айтып өттi.

Бұдан өзге, министр сумен қамту жүйесiн дамытуға бюджеттен тыс қаражат тарту бойынша тетiктер табысты жүзеге асырылып жатқанын мәлiмдедi. Бүгiнде бұдан басқа халықаралық қаржы ұйымдарымен бiр­лесiп бiрқатар жобалар жүзеге асырылып жатқанын да тiлге тиек еттi.

“Облыс орталықтары мен iрi қалаларды сумен қамтамасыз ету мәселесiн шешу үшiн аймақтық су арналарын бiрыңғай операторға берудi қарастыру ұсынылады. Бұл оператор тәжiрибелi әрi бiлiмдi техникалық серiктесi­мен бiрлесiп басқаруды жүзеге асырады. Сондай-ақ, “Мем­лекеттiк-жекеменшiк әрiптестiк туралы” заңмен қарастырылған тетiктерi арқылы шығындары өтелетiн, инвестициялық мүм­кiндiктерi бар жекеменшiк серiктестi тартуды жөн санаймыз”, – деп хабарлады Қ.Би­шiмбаев.

Министрдiң айтуынша, жекелеген су арнасының ерекшелiк­терiне орай инвестициялық шығындарды қайтарудың тиiмдi тетiгiн әзiрлеу қажет.

“Бiрыңғай оператор арқылы басқару аясында одан әрi жекешелендiру үшiн су арналарын коммерцияландыру бойынша әзiрлiк жұмыстары жүргiзi­летiн болады. Сонымен қатар халықаралық қаржы ұйымдарының займдарын сәттi игерiп отырған, жеке инвесторларды тартуға барынша әзiр су арналары қатарынан мемлекет-жекеменшiк әрiп­тестiк (пилоттық) жобалардың тiзiмiн айқындау қажет. Пилоттық жобаларды жүзеге асыру үшiн су арналарын МЖӘ тетiк­терiне кезең-кезеңiмен ауыстыру кестесiн, жобалардың кри­терийлерiн, индикаторларын, шарттары мен мақсатты көр­сеткiштерiн әзiрлеу қажет”, – дедi Қ. Бишiмбаев.

Қалай болғанда да, сумен қамту жүйесiне сапалы реформа керек-ақ. Салалық мамандар күнi бүгiнге дейiн бұл жүйеде құрылысты қаржыландырудағы қате есептеушiлiктiң орын алатынын, жоба-сметалық құжаттарды жасаудағы сапасыздық, жобаны тамыр-таныс арқылы бiлiксiз компанияларға бере салу салдарынан дамымай, өркендемей жат­қанын айтады. Және осы салада кәсiби бiлiктi, қоғам алдындағы жауапкершiлiгi жоғары жобалаушы компаниялардың жоқтығы да мемлекеттiк қаржының мақсатты түрде игерiлуiне кедергi келтiрiп отырғаны құпия емес.

Гүлзат Нұрмолдақызы

"Жас Алаш" газеті