14 мам, 2020 сағат 08:15

Ауыт Мұқибек: «Оралман» сөзінің «қандас» болып өзгеруі - қазақ көшінің екінші алтын дәуірінің басталуы

«Оралман» сөзінің «қандас» болып өзгеруі - Қазақ көшінің екінші алтын дәуірінің басталуы. Мұндай пікірді қоғам қайраткері, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ауыт Мұқибек білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Оралман» сөзі 1997 жылы «Халықтың көші-қоны туралы» заңы қабылданғанда қолданысқа енген болатын. Содан бері 23 жыл өтіпті, бұл атауды жұрт қабылдай алмай келді. Бұл атау алыстан келген ағайын мен жергілікті халықты жақындатудың орнына, бөлектеп тұрды. 2017 жылы аталған заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілгенде де өзгертуге әрекет жасағамыз. Бірақ, ол ұсынысымыз сәтсіз аяқталып еді. Міне, өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен бұл атау «қандас» болып өзгерді. Тіпті, Мәжіліс «бауырлас» деген сөзді қабылдап жіберген жерінен Қасым-Жомарт Кемелұлы өзі араласып, «қандас» сөзін қайта ұсынды. Бұл – дәуір бөлгіш оқиға болды. Міне, халық өте жылы қабылдап, қолданысқа енді де кетті. Мойнымыздан ажырғымыз алынғандай күйге бөленіп, рахаттанып қалдық. Сол үшін, шеттен келген ағайындардың өкілі ретінде, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлына рахмет айтам. Мен бұл өзгерісті – қазақ көшінің екінші алтын дәуірінің басталғаны деп бағалаймын», - деді ол. 

Сонымен қатар, қоғам қайраткері енді «қандас» мәртебесінің мерзімін өткізіп алған қандастарымыз Қазақстан Республикасының азаматтығын оңайлатылған (тіркеу) тәртіппен алу мақсатында «қандас» куәлігінің мерзімін тағы бір мәрте ұзартып алуға мүмкіндігі бар екендігін баса айтты. 

«Халықтың көші-қоны туралы» заңының 1-бабындағы «қандас» деген ұғымға берілген анықтамада «...Қазақстан Республикасы егемендік алған кезде оның шегінен тыс жерде тұрақты тұрған...» деген сөйлем бар. «Қандас» мәртебесін аларда, ағайындар егемендіктен бұрын Қазақстаннан тыс жерде тұрғанын дәлелдеу үшін анықтама әкелуі керек. Осы жолы осы сөйлемді алдырып тастадық. Аталған заңның тағы 49-бабының 13) және 14-1) тармақшаларының нормалары этникалық қазақтар мен қандастарымызға қолданылмайтын болады», - деді қоғам қайраткері.

Оның атап өтуінше, бұл өзгеріске сәйкес, қандастарымыз әкімшілік құқықбұзғаны үшін жазаға тартылған жағдайда, оларға келген еліне қайтарып жіберу жазасы қолданылмайды. Әкімшілік құқық бұзу жазасына тартылған азамат бұрынғыдай бір жыл бойы тұрақты тіркеуе тұра алмай және азаматтыққа құжат өткізе алмай жүретін жағдай енді болмайды.

«Айта берсек, жаңалықтар жоқ емес. Бұрынғы заң бойынша көшіп келген ағайын тұрақты тіркеу мен азаматтыққа бөлек-бөлек екі рет құжат өткізсе, енді жаңа заңға сай екеуін бір мезгілде тапсыратын болады. Мұның бәрі қандастарымыздың тез құжаттануына кең жол ашады», - деді Ауыт Мұқибек. 

Айта кетейік, кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңына қол қойған еді.