17 мау, 2019 сағат 12:30

Ауыр көліктерді бақылау қызметі ІІМ-ге беріле ме - Қасымбек жауап берді

 

Полицияға автокөлік құралдарының рұқсат етілген салмақтық өлшемдерін сақтауын бақылау қызметі берілмейді. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының ресми сауалына жауап берген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

«Еліміздің автомобиль жолдарын сақтауды жақсарту мақсатында көлік бақылау инспекциясымен қатар, жол-патрульдік полициясына да Қазақстан Республикасының аумағында автокөлік құралдарының рұқсат етілген салмақтық өлшемдерді сақтауын бақылауды жүзеге асыру функциясын беру мәселесін қарастырған жөн», - делінген Мәжіліс депутаттарының сауалында.

Осыған орай Үкімет басшысының  орынбасары ауыр салмақты және ірі автокөлік құралдарының жүріп өтуіне көліктік бақылауды жүзеге асыру функциясын беру мәселесі Ішкі істер министрлігінде  мүдделі мемлекеттік органдар деңгейінде бірнеше рет қарастырылғанын атап өткен.

«Жалпы аталған функцияларды ІІМ-ге беру адами факторлардың болуын шектей алмайды. Бұл көліктік бақылауды жүргізу тиімділігіне әсер етпейді. Сонымен қатар, аталған функцияларды беру құқық қорғау органдарын тиесілі емес функциялардан босату мәселесі көзделген Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 24 тамыздағы №858 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы ережесіне қайшы келеді», - деді Жеңіс Қасымбек.