23 шіл, 2022 сағат 00:24

Ауыр атлетикадан Азия чемпионатында Егор Шерер «қола» жеңіп алды


Қазақстандық Егор Шерер ауыр атлетикадан жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионатында қола медаль алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шерер Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өтіп жатқан құрлықтық додада 20 жасқа дейінгі жастар арасында 81 келі салмақта сынға түсті. Қоссайыстың қорытындысымен 325 (150+175) келіні бағындырған ауыр атлет үздік үштікті түйіндеді.

Айта кетсек, бұдан бұрын ел құрамасынан Едіге Емберді (73 келі), Әлішер Байбуров (67 келі), Денис Полубояринов (81 келі) алтын медаль алды. 

Сондай-ақ Надежда Ли (64 келі), Аружан Дәулетова (71 келі), Алексей Чуркин (73 келі) күміс медальға қол жеткізді. 

Ал Ерасыл Омаров (55 келі) пен Азамат Төлеген (61 келі) қола жүлдегер атанды. 

Құрлықтық додаға ұлдардан 13, қыздардан 9 ауыр атлет барды. Азия чемпионаты 25 шілдеде мәресіне жетеді.