12 мау, 2021 сағат 15:24

Ауыр атлетика: Чиншанло мен Сон Олимпиада жолдамасын еншіледі


Халықаралық ауыр атлетика федерациясы Токиодағы Жазғы Олимпиада ойындарына жолдама алған спортшылар тізімін жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазақстан құрамасынан әйелдер арасында 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Зульфия Чиншанло, ал ерлер арасында 61 келіге дейінгі салмақта осы жаздың басты бәсекесінде ел намысын Игорь Сон қорғамақ. 

Іріктеу кезеңінде 3628,3941 ұпай жинаған Зульфия Чиншанло әлемдік рейтингтің төртінші сатысында тұр. Игорь Сон 3015.0319 ұпаймен тоғызыншы орынға жайғасқан. Қазақстандық ауыр атлет Токио Олимпиадасына құрлықтық квота бойынша жолдама алды. 

Естеріңізге сала кетейік, халықаралық федерацияның шешімі бойынша 2008-2020 жылдар аралығында допингке қарсы ережелерді 20-дан астам бұзған елдер Токио Олимпиадасына екі спортшыдан ғана (бір әйел және бір ер) жібере алады. Бүгінде Қазақстан қоржынында Олимпиада ойындарына спорттың 26 түрінен 69 лицензия бар.