БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Жәнібек ауданының тұрғыны Назар Сапарғалиевке үкім шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Судья Бақыт Ермаханов жария еткен сот үкімімен 18 жастағы Н.Сапарғалиев ҚР ҚК 99-бабына сәйкес айыпты деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды.
Оған қоса сотталушы жәбірленушінің отбасына 10 млн теңге моральдық залалды өтеуге міндеттелді.
Қанды оқиға биылғы сәуір айында Қамысты ауылында болды. Досымен жүрген Н.Сапарғалиевке өздерінен үлкен екі ауылдасы тиіскен. Сотталушы бұл жөнінде өзінің ағасына айтып, көмектесуді өтінген. Күндіз сөзге келген тараппен хабарласып, кездесу белгілеген. Кездесуге жәбірленуші тарапынан бес, айыпталушы жағынан сегіз адам барған. Н.Сапарғалиев асүй пышағын ала шығып, төбелес кезінде жәбірленуші К-ның кеуде тұсына жұмсаған. Жәбірленуші ауруханаға барар жолда көз жұмды.
Айта кететін жайт, жәбірленуші Н.Сапарғалиевпен жанжалдаспаған. Ол сол күні тек достарына еріп келген. Куәлар қайырымды, елгезек адам ретінде сипаттаған марқұмның соңында жары, үш баласы қалды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.