27 қар, 2020 сағат 09:02

Ауылдарда балаларды шымырлыққа баулитын дәстүрлі бокс пен күресті дамыту керек - Көшербаев

Жергілікті жерлерде бюджетті қарастырғанда қымбат спорт клубтарына емес балалар мен жасөспірімдердің үйірмелері мен секцияларына қаражат бөлуге мән беру керек. Бұл туралы «Қоғам және мемлекет: «Birgemiz» - 30 жылдық серіктестік пен даму» атты IX Азаматтық форумның жалпы отырысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз жас ұрпақтың сәби шақтарынан мәдениет, ғылым және білім беру үйірмелеріне барып, спорт секцияларына қатысуына барынша жағдай жасауымыз керек. Өйткені, бұл балаларды өзара біріктіріп, ұйымдасып тірлік етуге жақындастыратын өзіндік тәрбие мектебі болмақ. Жергілікті атқарушы органдар азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесіп, балғын бүлдіршіндердің таланттарын ашып, талаптарын шыңдауға, олардың биік мақсаттарға ұмтылуына жол көрсетуі тиіс», - деді Мемлекеттік хатшы. 

Сонымен қатар ол жергілікті жерлерде бюджетті қарастырғанда қымбат спорт клубтарына емес балалар мен жасөспірімдердің үйірмелері мен секцияларына қаражат бөлу мәселесіне көп мән беру керектігін баса айтты. 

«Мұнан бөлек, біз қай жерде тұратынына қарамастан балалардың құқығымен қажеттілігі бірдей екендігін ескеруіміз керек. Сондықтан ауыл мен қала балаларының аражігін алшақтатпай екеуіне бірдей деңгейде көңіл бөлінуі тиіс. Әрине, еліміз кең байтақ. өңірлердің өсу мүмкіндігі де әрқалай. Аймақтардағы ұйымдастырушылық, қаржылық, кадрлық әлеует бәрінде бірдей тең емес. Бірақ, біз бар мүмкіндікті қарастырып, бірінші кезекте ауылдық мәдениет және демалыс орындарын, спорт үйірмелерін дамытуға күш салуымыз қажет. Ауылдық жерлерде мәдениет, демалыс және спорт салалар бойынша барша ұғымды, икемді стандарттар қалыптастыру қажет», - деді ол. 

Мемлекеттік хатшы тұрғылықты халықтың саны мен жергілікті бюджеттің мүмкіндігін саралай отырып, мемлекеттің немесе демеушілердің есебінен балаларды футбол, хоккей, волейбол, баскетбол сияқты командалық ойын түрлеріне жаттықтыратын бапкерлерді қызметке тарту керектігін де айтты. 

«Спорттың нақ осы командалық түрлері балаларды басқа құрдастарымен өара санасып, олардың ұжымдасып шешім қабылдауға тәрбиелейді. Бұған қоса, ауылдарда балаларды шымырлыққа баулитын дәстүрлі бокс пен күресті дамытып, жастардың дүниетанымы мен ойлау қабілетін шыңдайтын спорттың шахмат, киберспорт және басқа да интеллектуалдық түрлерін өркендету керек», - деді Қырымбек Көшербаев.