«Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат ұлттық комиссиясының мүшесі Раушан Сәрсембаева қазақстандық әйелдердің зорлық-зомбылыққа көзқарасы туралы зерттеу нәтижесін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» акциясын қолдаймыз. Бұл жөнінде бірқатар шаралар атқардық. Бүгінде Қазақстанда 9,7 млн әйел тұрады, бұл - халықтың 52%. Олар ұлтымыздың әл-ауқатына елеулі үлес қосып келеді. Сонымен бірге, әйелдердің өміріне төнетін сын-қатерлер көп. БҰҰ деректеріне сәйкес, 2018 жылы әрбір үшінші қылмыс әйелдерге қарсы жасалған», - деді Раушан Сәрсембаева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, қазақстандық әйелдердің 15% күйеуі әйелін ұруға құқылы деп санайды. Ал ауылдағы әрбір бесінші әйел зорлық-зомбылықты қалыпты жағдай деп есептейді.
«Еліміздегі әйелдердің бұл жағдайы азаматтық қоғамды қатты алаңдатады. Осыған байланысты әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту үшін ірі әйелдер ұйымдары бірігіп, қыркүйек айында Қазақстанның әйел күштері альянсын құрды. Онда әйелдердің мүмкіндіктерін арттыратын нақты мақсаттар қойылды. Ең алдымен, оларға тиісудің жолын кесу, харассментпен күрес және тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмысының жазасын күшейту керек», - деді Р. Сәрсембаева.