21 там, 2020 сағат 11:12

Ауыл тұрғындары медициналық көмек ала алмай жүр - Қуаныш Сейітжанов

Ауылдардағы медициналық қызмет көрсетудің қазіргі жағдайы мүшкіл. Бұл туралы «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы орталық аппаратының жетекшісі Қуаныш Сейітжанов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бір айдың ішінде «Ауыл» партиясының өңірлердегі волонтерлері, белсенділері ауылдық жердегі медициналық қызметтің сапасына ерікті түрде монторинг жүргізген еді. Соның нәтижесінде 200-ге жуық ауылдың қазіргі эпидемиологиялық жағдайда медициналық қызмет көрсету барысымен толық таныстық. Әрине, ауылдардағы медициналық қызмет көрсетудің қазіргі жағдайы аса мәз емес, мүшкіл деп айтсақ та болады. Өйткені, өздеріңіз білесіздер, 90-шы жылдардағы оңтайландыру тұсында көптеген ауылдағы емханалар, амбулаториялар, фельдшерлік пунктер жабылып қалған еді. Фельдшерлік пунктер, ауруханалар жабылғанымен науқастар саны өспесе, кеміген емес», - дейді ол. 

Оның айтуынша, коронавирус індеті тарап, эпидемиологиялық жағдайдың ушығып тұрған тұсында ауыл тұрғындарының дәрігерлердің қызметіне жүгіну мәселесі үлкен проблемаға айналып отыр. Мұндай жайт барлық өңірге тән десек те болады. 

«Бұл жүйелі проблемаға айналып отыр. Біздің партиялық бастамамыздың негізгі мақсаты да - осы проблемаларды жоюға сеп болу. Қазір медицина саласына бөлінетін мемлекеттің бюджеті жеткілікті. Одан бөлек, Медициналық әлеуметтік сақтандыру қорында да қаншама қаржы бар. Соның есебінен фельдшерлік пунктілер, ауруханалар, амбулаториялар жабылып қалған ауылдарда оларды қайта ашқызуға қозғау салмақпыз. Біз бұл мәселені қандай деңгейде болмасын көтеріп, жалпы ауылдардағы медициналық қызмет сапасын қалпына келтіру не болмаса жақсарту үшін қызмет ете береміз», - дейді партия өкілі. 

Партияның аппарат жетекшісі мәліметінше, мониторинг барысында Жамбыл, Қарағанды облыстарында, жалпы басқа да өңірлерде де 3-4 ауылға бір фельдшерлік пункт қызмет көрсететіні анықталған. 

«Ал ол фельдшердің ауылдарды аралап шығатын дені дұрыс көлігі де жоқ. Не болмаса тұрғын саны 2-3 мыңнан асатын ауылдар бір ғана фельдшердің қызметіне жүгініп отыр. Тіпті дәрігердің қызметін көрмейтін ауыл тұрғындары да бар. Мұның бәрі мемлекет бойынша үлкен мәселеге айналып отыр. Коронавирус індеті кезінде осы мәселелердің өте өзекті екендігін аңғардық», - дейді Қуаныш Сейітжанов.