08 қыр, 2025 сағат 18:16

Ауыл шаруашылығын цифрландыру — Президент өзекті мәселені көтерді

Фото: Мәжіліс

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 8 қыркүйекте өткен Жолдауында ауыл шаруашылығы ғылымын дамытудың нақты жоспарын әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды Ult.kz.

"Бұл құжат цифрлық технологияларды қолдануға және осы саланың өнімділігін едәуір арттыруға арналған жоспар болуға тиіс", - деді Президент өз сөзінде.


ҚР Парламент Мәжілісі депутаты Еркін Әбіл Қазақстанда бұған дейін көп жоспар болғанын, алайда еш бірі орындалмағанын айтып отыр. Сондықтан Президенттің бастамасы аграрлық салада өте қажет дейді.

"Бізде бірнеше бағдарлама болды, бірақ бір де бір бағдарлама аяғына дейін жүзеге аспады. Ауыл шаруашылығында жоспар бар, бірақ ол өндірістік саясаттағы жоспарлармен байланыспайды, инвестициялық жоспарлармен байланыс жоқ. Бізде әр облыстың инвестициялық жоспары бөлек. Әр әкім өз жоспарын жасайды, өзі инвесторлар іздейді. Бізде жалпы ұлттық интеграция жоқ. Біз бір платформада жұмыс істеуіміз керек деген күннің өзінде жергілікті билік қарсы шығады, біріктіргісі келмейді. Әркім өз өңірінде қожа болып отыр. Сондықтан осы жерде цифрландыру керек. Мен бұрын да Жолдауда осы айтылса деп айтқанмын. Осы мәселе айтылды", - деді депутат Е. Әбіл.


Депутат аграрлық саланы цифрландыру механизмдері мен заманауи технологиялар қазір Қазақстанда бар, тек соны қолданысқа енгізу керек деп есептейді.

Осыдан бір жыл бұрын депутаттар субсидияны өнімге, жерге, мал басына емес, жаңа технологияға бөлу бойынша ұсыныс жасаған екен. Еркін Әбіл жаңа технологияны дамытқанда ғана ауыл шаруашылығы дамиды деп отыр.