03 қыр, 2020 сағат 10:50

Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес – БҚО әкімі

Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жүзеге асыру мәселелеріне арналған облыс активі жиынында өңір басшысы Ғали Есқалиев осылай айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Облыс әкімі Президент Жолдауында әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындары мен халықтың табысын сақтау сияқты басты міндеттер айқындалғанын атап өтті.

Пандемия кезінде Үкімет тарапынан уақытша табыссыз қалған 77 мыңнан астам батысқазақстандық азамат 42 500 теңге әлеуметтік көмек алды.

«Біз індеттің қиын кезеңінен өткенімен, алдымызда оның салдарын жою жұмыстары тұр. Осы ретте Президент Жолдауы еліміздің экономикалық дамуының инновациялық өзегіне айналып, бәсекеге қабілетін арттырып, ел дамуына тың серпін, жаңа бағдар беретіні сөзсіз», деді әкім.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің жаңа экономикалық бағдары басты жеті қағидатқа негізделіп, өнеркәсіптік әлеуетті толық пайдалану мақсатында маңызды стратегиялыө басымдықтар айқындалып, кәсіпкерлерді жан-жақты қолдау жалғасатын болады. 

Айталық, Жолдауға сәйкес шағын және орта бизнес өкілдеріне қызметтерін одан әрі қарай дамыту үшін барлық несиелердің пайыздық мөлшерлемесін 6 пайызға дейін төмендетіледі. Бұл, әрине, бизнес өкілдеріне үлкен септігін тигізері сөзсіз.

Әр сала алдында тұрған мақсат-міндеттерге тоқталған Ғ.Есқалиев келесі жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша Жер кодексінің кейбір нормаларына қатысты енгізілген мораторий күшін жоятынын жеткізді. 

Тәуелсіздік жылдарына дейін өңірде 2 миллионға жуық гектар егістік жерлер болған болса, бүгінде оның саны 542 мың гектарды құрайды. Ал жайылым 10 млн 540 мың гектар болса, қазіргі таңда жайылым жерлер 5 млн 527 гектарды құрап отыр. Яғни Батыс Қазақстанда жайылым және егістік жерлерін арттыруға мол мүмкіндік бар.

Аталған бағытта ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өткен жылдан бері мемлекет меншігіне көлемі 108 мың га жерлер қайтарылып, 33 мың га қайта ауыл шаруашылығы айналымына енгізілді, 442 мың га жер телімдерін қайта игеру басталды.

Осы жұмыстарды әрі қарай жалғастыру және жеделдету мақсатында өңір жерлерін цифрлы форматта көруге мүмкіндік беретін геоақпараттық портал аяқталуда.

Жолдауда ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағаланатыны және табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеліп жататыны атап өтілді.

Президентіміз ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында аграрлық секторға инвестиция тарту қажеттігін баяндай келе, жеріміздің шетелдіктерге сатылмайтынын қадап айтты.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, мемлекеттік қызметкерлер мен қоғам белсенділері жұмыс тиімділігін арттырса, үлкен нәтижелерге қол жеткізу қиын емес. 

Әрқайсымыз азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру туралы Елбасы стратегиясының жүзеге асырылуына жауаптымыз», деп түйіндеді ойын Ғали Есқалиев. 

Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында облыс әкімінің орынбасарларына, әкім аппаратына, басқарма басшылары, Орал қаласы мен аудандар әкімдеріне екі апта мерзім ішінде арнайы іс-шаралар жоспарын дайындау тапсырылды.