Коронавирустың екінші толқынында ауыл тұрғындары қысылтаяң жағдайға тап болады. Бұл туралы «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы орталық аппаратының жетекшісі Қуаныш Сейітжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жалпы, эпидемиологиялық заңдылыққа сәйкес, індет қалаға қарағанда ауылда көп тарамауы тиіс. Өйткені, ауылда халық тығыз қоныстанбаған, үлкен ғимараттар, үлкен өндіріс нысандары жоқ. Бірақ, бізде керісінше жағдай орын алды. Волонтерлеріміз бен белсенділеріміздің байқауынша, ауылдық жерлерде көбіне тұрғындары вахталық әдіспен үлкен өндіріс орындарына барып жұмыс істейтін ауылдарда коронавирус індеті өршіп кеткен. Сондықтан қазірден бастап осы үлкен өндіріс орындарында, құрылыс компанияларында санитарлық бақылау мен алдын алу шараларын күшейтпесек, онда күзде болады-ау деген коронавирус індетінің екінші толқынында ауыл тұрғындары қысылтаяң жағдайға тап болады», - дейді Қуаныш Сейітжанов.
Оның атап өтуінше, коронавирус індетінің бірінші толқыны кезінде ауылдағы ағайын өз қотырын өзі қасып, шарасыздықтан ем-домды үйде алуға мәжбүр болды. Сонымен қатар күзгі орақ кезінде астық бастыру жұмысына жұмылдырылған жұмысшылардың ауырып қалған жағдайлары кездеседі. Мұның да алдын алу қажет.
«Әйтпесе, келер жылы нансыз қалуымыз мүмкін. Ауыл - мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі. Сондықтан қазірден бастап бұл мәселелерді өткір қозғап, тиісті жерлерге жеткізуіміз қажет. Еліміздің 14 өңіріндегі 200-ге жуық ауылға жүргізген мониторингіміздің негізінде Үкіметке ұсыныс жасаймыз. Ең алдымен бұл ұсыныста ауылдарда жабылып қалған ауруханалар, амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік пунктерді мемлекет есебінен қайтадан ашуға баса мән береміз. Ол - кезек күттірмейтін мәселе. Осы жылдан бастап кірісіп, бұрын қалып қойған ғимараттарды қалпына келтіру қажет. Тіпті, қазірден бастап кей ауылдарда аурухана құрылысына кіріскен жөн. Өйткені, 2-3 мың тұрғыны бар ауылдарда жалғыз фельдшер не бітіреді?», - дейді партияның аппарат жетекшісі.
Сонымен қатар ол коронавирус індетін жұқтырып алған ауыл тұрғындары ПТР-тестілеуден де өте алмайтынын айтты.
«ПТР-тест негізінен үлкен аудан орталықтарындағы провизорлық ауруханаларда болған. Бірақ бәрінде бірдей бар деп айта алмаймыз. Сондықтан ПТР-тестілеу аясын ауылдарға дейін кеңейту қажет. Өйткені, ауыл халқы өзін-өзі емдеп отырғандығын жасырмай айтуымыз керек. Олардың медициналық қызметке жүгінерлік жағдайы болған жоқ. Аудан орталығынан 300-400 шақырым шалғайда жатқан ауыл тұрғындарының орталыққа баруға жағдайы да келген емес. Сондықтан көбі үйде емделді. Сондықтан болады-ау деп отырған коронавирус індетінің екінші толқыны кезінде жылжымалы медициналық көмек қызметін жолға қойып, онда ПТР-тест өткізе алатындай жағдай жасау қажет», - деді ол.