12 қаң, 2022 сағат 12:33

Ауыл кәсіпкерлеріне кредитпен бірге өнімін сатып алу кепілдігі беріледі - Еңбек министрі


Ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін тұрғындарға кредитпен бірге шығарған өнімін сатып алу туралы кепілдіктер берілмек. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлады ҚазАқпарат.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, ауыл кәсіпкерлігін дамыту бойынша шаралар кешені әзірленуде. Бұл шаралар ауылдардың мастер-жоспарларын қалыптастыруды, кәсіпкерлікке оқытуды, өнімдер мен қызметтерді сатып алуға кепілдік бере отырып, жеңілдетілген кредиттер мен гранттарды қамтитын болады», – деді Серік Шәпкенов.

Министр жастардың жұмыспен қамтылуына ерекше көңіл бөлінетінін атады.

«Қазіргі уақытта Министрлік жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған шараларды жүзеге асыруда – бұл «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобалары. Аталған жобаларды күшейту үшін жастардың қатысу мерзімі мен жалақы мөлшері ұлғайтылады», – деді Серік Шәпкенов.

Сөз соңында ол тұрақты жұмыс орындарын құру шарттарының бірі – кәсіпкерлікті дамыту екенін еске салды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жеке ісін дамытуға арналған грант мөлшері 200-ден 400 айлық есептік көрсеткішке дейін (612,6 мыңнан 1,2 млн теңгеге дейін) ұлғайтылады, сондай-ақ қаржыландыруға үміткер бизнес-жобалардың атаулылығын және бағалануын күшейту бойынша шаралар кешені қабылданады», – деп түйіндеді министр.