02 сәу, 2025 сағат 15:47

"Аутизмге кеш диагноз қою - басты мәселе" – 2 сәуір Дүниежүзілік аутизм туралы ақпарат тарату күні


Фото: ellar-med.by

2007 жылдан бастап, БҰҰ Бас Ассамблеясы 2 сәуірді Дүниежүзілік аутизм туралы ақпарат тарату күні деп жариялады. Біріккен Ұлттар Ұйымы бұл күнді аутизм үшін барлық адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын басқа адамдармен тең дәрежеде қамтамасыз ету және ынталандыру мақсатында атап өтеді. Осы орайда Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова Мәжіліс отырысында аутизмге шалдыққандар туралы мәселе көтерді, деп хабарлайды Ult.kz.

Елімізде жалпы 737 450 мүгедектігі бар адамдардың ішінде  психикалық функциялары бұзылған 144 094 адам, оның ішінде 17 028  адамға аутизм диагнозы қойылған. Аутизм диагнозы бойынша көш басында Астана қаласы 2292  адам, Алматы қаласында 1006 адам тіркелген. 

Қазақстанда  «Асыл Мирас» қорының қолдауымен 13 коррекциялық  орталық ашылған, оның 11 мемлекеттік,   2 орталық Алматы, Астана қалаларында қордың басқаруымен жұмысын атқаруда. Бұл жеткіліксіз, өйткені осы орталықтарда 3000-нан аса бала оқып жатса, 3000 астамы - кезекте тұр. 

Депутаттың айтуынша орталықтардың жетіспеушілігі салдарынан, баласын ойлап қайғырып жүрген ата-ана тауқыметін пайдаланып, саны көп сапасы жоқ, бағасы алтыннан қымбат жекеменшік орталықтар пайдаға белшесінен батуда.  

"Ол жерде қаншалықты маман, дұрыс әдістеме пайдаланатыны да белгісіз", -дейді депутат Смолякова.

 

Фото: видеодан кадр

Екатерина Смолякова аутизмге кеш диагноз қою - басты мәселе деп отыр. 

"Аутизмнің алғашқы белгілері 6-12 айда пайда болуы мүмкін болса да, Қазақстанда диагноз ресми түрде 3-5 жаста ғана қойылады.  Бұл балалардың болашағы бұлыңғыр, коррекциялық орталықтан сәтті өткен күнде де, есейіп ер жеткенде қалай өмір сүреді, қайда оқиды, қандай мамандық алады,  қайда жұмыс істеп жанын бағатыны - үлкен сұрақ", -дейді ол.


 
Жоғарғы оқу орындарында оқып жатқан 2 686 мүгедектігі бар студенттің ішінде  тек 5 аутист білім алуда. Сонда еліміздегі 17 028   аутизмі бар баланың 5 ғана білім алып жатса, 6000-ға жуығы коррекциялық орталықта жүрсе, қалған 11 000-нан астам аутисттің тағдыры белгісіз.

"Қазір мүгедектігі бар азаматтардың қоғамға бейімделіп, жұмыспен қамтылуын тек әлеуметтік кәсіпкерлер жүзеге асыруда. Елімізде 835 әлеуметтік кәсіпкер тіркелген, бірақ бұл азаматтар пайда тауып отырған кәсіпкерлермен бірдей салық төлеуде.  Мүгедектігі бар жандарды жұмысқа тұрғызу көрсеткіштерін 49%-дан асырған Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Жапония тәжрибесіне сүйенсек, барлығын  әлеуметтік кәсіпкерлік арқылы жұмыспен қамтамасыз етіп, басқа адамдардан бөлмей, қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне және қосымша қаражат табуына мүмкіндік жасап отыр", -дейді Е. Смолякова.


Депутат Екатерина Смолякова Қазақстан Республикасы Премьер- министрінің орынбасары Ермек Көшербаевқа  жеті түрлі ұсыныс жасады:

Бірінші: Әр облыс орталығында аутизм дертіне шалдыққан балаларға арналған «Ерте диагностикалау, отбасыларды қолдау және сүйемелдеу орталықтарын» ашу.

Екінші: Медициналық, педагогикалық, психологиялық және әлеуметтік пәндерді біріктіретін жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеп, мүгедектігі бар адамадармен жұмыс істейтін жаңа формациядағы мамандарды даярлау.

Үшінші: Менталды ауытқулары бар азаматтарға арнайы бейімделген  курстарда кәсіп алу мүмкіндіктерін қарастыру.

Төртінші: Әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау мақсатында салық кодексінің жаңа жобасына арнайы салық жеңілдіктерін қарастыру.

Бесінші: Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заңда көрсетілген 9 түрлі жеңілдіктің барлығын  толыққанды жүзеге асуын қамтамасыз ету. 

Алтыншы: Әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуына тежеу болып отырған -  бір жобаға бірнеше мемлекеттік бағдарламадан  қаржыландыру тәжрибесінен бас тарту.

Жетінші: Елімізде аутизм мәселесін қоғамдық жүктеме ретінде көтеріп, өз күштерімен орталықтар мен  мектептер ашқан азаматтардың, аналардың еңбегін арнайы марапатпен атап өту.