Қазақстандық Зарина Дияс Аустралия ашық чемпионатының үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Дүниежүзілік рейтингте 83-орында тұрған З.Дияс екінші айналымда әлемнің 66-ракеткасы, америкалық, түбі хорватиялық Бернарда Перамен кездесті.
Өткен жылы АҚШ ашық чемпионатында қазақстандық теннисші қарсыласынан 6:7 (4:7), 0:6 есебімен ұтылып қалған болатын.
Бірінші партия барысында З.Дияс әлденеше рет брейк-пойнттарын пайдалана алмады. Дегенмен тоғызыншы геймде дегеніне жетті – 5:4. Сосын сетке доп бергенде, есесін жіберген жоқ – 6:4.
Екінші сетте америкалық теннисші брейкпен алға шықты – 2:0. Ақыры ол осы басымдылығын сақтап қалды – 6:3. Бұл партияда да Заринаның алты бірдей брейк-пойнты болды.
Үшінші, шешуші сетте де Б.Пера брейк жасай алды – 2:1. Дегенмен алтыншы геймде З.Дияс таразы басын теңестірді – 3:3. Содан кейін тағы бір брейкпен есепті 5:3-ке жеткізді. Сосын матчболын мүлт жіберген жоқ – 6:3.
Тартысты өткен бәсеке 2 сағат 4 минутқа созылды.
Осылайша Зарина 2020 жылы кеткен есесін қайтарды.
З.Дияс үшінші айналымда әлемнің 14-ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің екі дүркін жеңімпазы, испаниялық Гарбинье Мугуруса немесе рейтингте 130-сатыдағы ресейлік Людмила Самсонованың біреуімен кортқа шығады.