11 ақп, 2021 сағат 07:55

Australian Open: Юлия Путинцева үшінші айналымға өтті

Қазақстандық Юлия Путинцева Аустралия ашық чемпионатының үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Әлемнің 28-ракеткасы Ю.Путинцева екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 67-орында тұрған бельгиялық Элисон Ван Эйтванкпен шеберлік байқасты.

Қарсыластар бұған дейін үш мәрте кездесіп, бәрінде де Ю.Путинцева жеңіске жеткен болатын.

Бірінші партияда есеп 3:3 болған мезетте қазақстандық теннисші брейк жасай алды. Содан кейін сетке доп бергенде, қателескен жоқ – 6:4.

Есесіне екінші сетте бельгиялық спортшы брейкпен алға шықты – 2:0. Тағы бір брейк – 4:0. Ақыры ол сол басымдылығын сақтап қалды – 6:1.

Үшінші, шешуші партияда Ю.Путинцева брейкпен алға кетті – 3:1. Ақыры ол матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:2.

Тартысты бәсеке 1 сағат 55 минутқа созылды.

Ю.Путинцева үшінші айналымда әлемнің 5-ракеткасы, украиналық Элина Свитолина немесе рейтингте 48-сатыдағы АҚШ-тың жас жұлдызы, 16 жастағы Кори Гауффтың біреуімен кортқа шығады.

Тағы бір қазақстандық Зарина Дияс ертең әлемнің 14-ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің екі дүркін жеңімпазы, испаниялық Гарбинье Мугурусамен ойнайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың үшінші айналымға шыққанын, Дмитрий Попко Италиядағы турнирді сәтті бастағанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Михаил Кукушкин жұптық сында Аустралия біріншілігінің екінші айналымына шықты.

Елена Рыбакина үшінші айналымға шыға алмады.

Александр Бублик екінші ойынында жеңіліп қалды.