08 ақп, 2021 сағат 13:48

Australian Open: Елена Рыбакина екінші айналымға өтті

Қазақстанның бірінші, әлемнің 21-ракеткасы Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

Елена Рыбакина алғашқы айналымда әлемдік рейтингте екінші орынға дейін көтерілген, қазір 145-сатыда тұрған ресейлік Вера Звонаревамен шеберлік байқасты. 

Тәжірибелі В.Звонарева 36-да болса, Е.Рыбакина 21 жаста ғана еді.

Бірінші сетті В.Звонарева өз пайдасына жазды – 6:4.

Екінші партияда Е.Рыбакина 3:0 есебімен алға кетті. Ресейлік теннисші қайыра брейк жасап, есепті қысқартты. Дегенмен қазақстандық спортшы өз дегеніне жете алды – 6:4.

Шешуші, үшінші сетте Е.Рыбакина тағы да 3:1 есебімен алға шыққанымен, сол қарқынын жалғастыра алмады. Әйткенмен ол матчты жеңіспен түйіндеді – 6:4. 

Тартысты матч 2 сағат 5 минутқа созылды.

Е.Рыбакина екінші айналымда әлемнің 46-ракеткасы, франциялық Фиона Ферромен кездеседі. 

Елена өткен жылы Ролан Гаррос турнирінің екінші айналымында дәл осы теннисшіге есе жіберген еді. Бұл жолы қарымта қайыра ала ма, оны корт көрсетеді.