09 там, 2021 сағат 08:52

Ауғанстанның Тәжікстанмен шекарадағы провинциясын тәлібтер басып алды


Жексенбі күні «Талибан» қозғалысы Тәжікстанмен шекарада орналасқан Тахар провинциясының әкімшілік орталығы – Талукан қаласын басып алғандығы жөнінде мәлімдеді. Бұл туралы «Анадолы» агенттігі хабарлады.

Агенттікке Тахар провинциясының заңнамалық органы төрағасының орынбасары Рухолла Рауфи мәлім еткендей, қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері мен жергілікті билік өкілдері Фархар уезіне көшкен. Оның айтуынша, тәлібтер барлық қоғамдық орындарға баса көктеп кірген. Сондай-ақ жергілікті түрмеден сотталғандарды босатқан. 

Рауфидің сөзінше, содырлар Талуканға шабуыл жасай бастағанына екі аптаға жуықтаған. 

«Талибан» қозғалысының мәліметіне сәйкес, олар Талукандағы барлық қоғамдық ғимаратты өз қарамағына алған. Осылайша, «Талибан» басып алған Ауған провинцияларының әкімшілік орталықтарының саны 5-ке жетті. Бұған дейін олар Сари-Пул және Кундуз провинцияларының әкімшілік орталықтарын басып алған болатын. Ал бір күн бұрын тәлібтер елдің солтүстігіндегі Джузкан провинциясының астанасы – Шибирган қаласына кірді. 

«Талибан» қозғалысы Ауғанстан аумағының 80 пайызын бақылауға алғанын айтуда. 

БҰҰ мәліметінше, соңғы бір айда тәлібтердің шабуылы салдарынан Ауғанстанның 1 мыңнан астам бейбіт халқы қаза болды.