М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры 1-8 қазан аралығында Ұлыбританияның астанасы Лондон қаласында өтетін III Қазақстан өнерінің фестиваліне Д.Исабековтің «Жаужүрек» драмасымен қатысады. Қойылымның режиссері – Қазақстанның халық артисі, профессор Есмұхан Обаев.
Қазақтың балуаны, әнші-композитор, сері, халық арасында Балуан Шолақ атанған Нұрмағанбет Баймырзаұлының өмірінен сыр шертетін қойылымды театр ұжымы 1 қазан күні Стокуелл театрының сахнасында жиналған көрерменге ұсынады.
Лондонда өтетін бұл фестиваль белгілі қазақ жазушысы, драматург Дулат Исабековтің 75 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Биыл үшінші мәрте өткізілетін фестивальдің ұйымдастырушысы – Лондондағы Айтматов академиясы. 2011 жылы Лондон қаласында профессор, философия ғылымдарының докторы Рахима Абдувалиева негізін қалаған Айтматов академиясы – жазушы Шыңғыс Төреқұлұлының шығармаларын әлем тілдеріне аударумен және ұлы жазушы қалдырған мол мұраны дәріптеумен айналысады.
Күрескер, көзі ашық, көкірегі ояу тұлға Балуан Шолақтың сахналық бейнесін осы қарашаңырақтың сахна шебері Ерлан Біләл сомдайды.
Көрерменнің ыстық ықыласы мен қошеметіне ие болған қойылым, У.Шекспирдің Отанында да лайықты бағаланады деген сенімдеміз.