М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында толымды еңбектер атқарып келеді. 7-21 қыркүйек аралығында Атырау қаласы мен облыс аудандарындағы Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық артисі Асанәлі Әшімовтің 80 жас мерейтойына арналған үлкен гастрольдік сапар, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен қазан айының басында өткен Лондон сапары, театр маусымашарына арналған «Театр әлеміндегі рухани жаңғыру» атты Алматы қаласындағы 8 театрдың басын қосқан көрме және т.б. іс-шаралар аталмыш бағдарлама аясында жасалды.
Театр ұжымының «Рухани жаңғыру» аясындағы жоспарлы жұмыстары Жамбыл мен Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы кіші гастрольдік сапармен жалғасты. Бұл іс-сапар барысында театр ұжымы аудан орталықтары мен елді-мекендер тұрғындарының назарына репертуардағы Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» драмасын ұсынады.
Он жылға жуық театр репертуарынан түспеген қойылымның қоюшы-режиссерлері – Есмұхан Обаев пен Төлеубек Аралбай.
Көрерменнің жүрегін жаулап, ыстық ықыласына бөленген қойылымда Ж.Садырбаев, Ү.Сейтімбет, Ж.Толғанбай, Н.Әбілов, Г.Тұтова, Ә.Сайлауова, М.Тағанов сынды театр артистері өнер көрсетеді.
Оқиғасы аурухана палатасында өтетін драманың бас кейіпкері, бүгінде жасы жетпісті алқымдаған Мейірбек бақыт туралы, өмірдің мәні туралы ойға шомады. Оның жақын достарымен өзара пікірталас-ой таратуларынан өзіндік дүниетанымдары, өмір ұстанымдары айқын танылады. Дәулет- жан дәулетімен, Асылхан – туған топырақтан ажырамаған хандығымен, Мейірбек – құдайдың өзі өлшеп берген азды-көпті өміріне ырзашылығы, қанағатымен дараланады. Достардың арасында өмірлік жолын, бәлкім, дұрыс таңдамаған Советбектің өкініші көп…
Адамгершілік мәселелері сөз болатын қойылымды театр ұжымы 5,6,7 қараша күндері Құлан, 8 қарашада Меркі, 9 қараша күні Көкдөнен, Құмарық аудандарында 10,11 қараша күндері Тараз, 17 қараша күні Шу, Қордай қалаларында көрермен назарына ұсынады.
Аталмыш қойылым 12,13 қараша күндері Шымкент қаласында, 14 қарашада Сарыағаш, 15 қарашада Абай ауылының мәдениет үйінде сахналанады.
«Үміт үзгім келмейді» драмасына жиналған көрермен қойылым соңынан театр артистерінің концерттік бағдарламасын да тамашалай алады.
Гүлзия Сәдуақасова